378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тараздағы төтенше жағдайға байланысты үкіметтік комиссия құрылды

  • 233
  • UPD: 10:25, 27.02.2019
Тараздағы төтенше жағдайға байланысты үкіметтік комиссия құрылды

27 ақпанда сағат 06:21-де Тараз қаласында 9 ықшам ауданындағы 62-үйдің 1-3-қабаттары құлаған (алдын ала мәліметтер бойынша, жарылыс 2-қабаттағы 46-пәтерде болған).

ҚР ІІМ ТЖК күшімен қажетті мамандар мен техника саны жұмылдырылды, үйдің барлық тұрғындары толық көшірілді. Үйінділер астынан 8 адам шығарылды, оның екеуі қаза тапқан. Зардап шеккендердің халі – орташа ауыр.

Тараз қаласындағы төтенше жағдай туралы ҚР Премьер-Министрі А.Мамин шұғыл түрде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа баяндады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ж.Қасымбектің төрағалығымен үкімет комиссиясы құрылды. Комиссия мүшелері Тараз қаласына оқиға орнына ұшып кетті.

Апат болған үйдің тұрғындары осы үйге жақын маңдағы №47 мектепке орналастырылды, ыстық тамақпен қамтылды, уақытша тұруға қажетті жағдайлар жасалды. Олармен медицина қызметкерлері мен психологтар жұмыс істеуде. 

ҚР ІІМ ТЖК алдын ала мәліметі бойынша, жарылыс газ жабдығын абайсыз пайдаланудан орын алған.

Жедел штаб құрылды, +7- 7262 - 513575 нөмірі бойынша жедел желі жұмыс істейді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Хабар 24 телеарнасы