374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ДКО 2018: Әбілқайыр Мәуленов пен Ерсұлтан Мұзапаров финалға жолдама алды

  • 189
  • UPD: 21:15, 04.09.2018

«Хабар 24» арнасында жаңа телемаусым басталды. Енді күнделікті кешкі жаңалықтарда назарларыңызға спорт әлеміндегі соңғы жаңалықтар топтамасын ұсынатын боламыз.

Көшпенділер ойындары: Әбілқайыр Мәуленов пен Ерсұлтан Мұзапаров финалға жолдама алды

Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында үшінші көшпенділер ойындары жалғасуда. Бүгін кешенді сынға қазақ күресінің балуандары араласты. Әлемнің 22 елінен келген білекті жігіттер 70, 90 және аса ауыр салмақта боз кілемге шықты. Қазақ елінің намысын қорғаған Әбілқайыр Мәуленов пен Ерсұлтан Мұзапаров финалға жолдама алса, түйе балуандар сынында Нұрдәулет Жарылғапов үшінші орынға табан тіреді.

 

Роналдо «Вальядолид» клубын сатып алды 

Атақты футболшы Роналдо Испанияның «Вальядолид» клубының қожайыны атанды. Жасыл алаңда «қасқа тіс» лақап атымен танылған теңдессіз ойыншы алдағы уақытта басқарушы қызметте өзін сынап көреді. Роналдо команданың 51 пайыз акциясын 30 миллион еуроға сатып алды. Ол енді клубтың директорлар кеңесінің төрағасы болады. «Вальядолид» Испанияның Ли лигасына биыл шықты. 90 жылдық тарихында клуб ешқандай жетістікке жеткен емес.

Роналдо, «Вальядолид» клубы директорлар кеңесінің төрағасы:

- Мен өмірімде тағы бір маңызды шешімге келдім. Осы жұмысқа кірісу үшін ұзақ ойландым. Енді біз бәсекеге қабілетті болуымыз керек. Бәріміз клубтың жоғарғы лигада қалып, жан-жақты дамуына қызмет етеміз. Футболдағы тәжірибемді ойыншылармен бөлісемін. Жақсы басшы боламын деп ойлаймын. 

 

FIFA үздік болудан үміттілердің есімін жариялады

Еуропаның үздік футболшысы Лука Модрич енді әлемнің мықтысы атануы мүмкін. UEFA секілді FIFA да өз таңдауын жасады. Модричтен бөлек, Криштиану Роналду және Мұхаммед Салах жыл мықтысы атанудан дәмелі. Биыл бұл тізімде Лионель Месси жоқ. Аргентиналық ойыншы 2006 жылдан бері алғаш рет үздік үштіктің қатарына енбеді. FIFA тұжырымы бойынша жыл ойыншысы 24 қыркүйекте Лондондағы салтанатты шарада белгілі болады. Ал Зинедин Зидан, Дидье Дешам және Златко Далич арасында жыл жаттықтырушысы анықталады. 

 

US OPEN турнирі

Роджер Федерер АҚШ ашық біріншілігінің ширек финалына шыға алмады. Әлемнің екінші ракеткасы төртінші айналымда австралиялық Джон Миллманнан ұтылып қалды. Есеп: 6:3, 5:7, 6:7, 6:7. Миллман бұған дейін қазақстандық Михаил Кукушкиннен басым түскен еді. Австралиялық теннисші жартылай финал жолдамасын Новак Джоковичпен сарапқа салады. Әйелдер арасында да ширек финалистер анықталды. Ресейлік Мария Шарапова Карла Суарес Наварроға есе жіберді. Есеп:6:4,6:3. Испаниялық ойыншы енді корт иесі Мэдисон Кизбен кездеседі.

 

Мақсұт Жұмаев Sports Nation бағдарламасына сұхбат берді

Қазақстандық танымал альпинист Мақсұт Жұмаев Sports Nation бағдарламасына сұхбат берді. Ол 36 жасында қосымша оттегісіз әлемдегі сегіз мың метрден асатын 14 шыңды бағындырған 12 саңлақтың қатарына кірді. Сосын тау-тасқа өрмелеуді доғарып, қоғамдық жұмысқа бет бұрды.

Мақсұт Жұмаев, альпинист:

- Кез келген спорт түрі альпинизм секілді қауіпті емес. Қазақстан құрамасында болған 50 адамның 10-ы қазір қатарымызда жоқ. Альпинизм – өмірдің мәні, ол өзіне тартып тұрады. Сені ерлік жасауға жетелейді.

Мақсұт Жұмаевпен болған сұхбаттың толық нұсқасын Kazakh TV арнасынан 5 қыркүйек таңғы 9.20-да және кешкі 21.30-да көре аласыздар.

Осы категория бойынша: « Алматы әкімдігінің қызметкері Азия ойындарында қола медальға ие болды Павлодарда қазақстандық футболшы қыздар ұлыбританиялықтармен матч өткізеді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы