422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өскеменде ат спорты мектебіне тиесілі алаң орнына үй салынбақ

  • 116
  • UPD: 22:58, 23.10.2020
Өскеменде ат спорты мектебіне тиесілі алаң орнына үй салынбақ

Өскемендегі ұлттық-ат спорты мектебінің жағдайы не болмақ? Бұрын балалар атқа мініп жаттығып келген арнайы алаңға көп қабатты үй салынбақ. Қазір құрылыс компаниялары инфроқұрылым тарту үшін сол аумақты қазып жатыр. Ал мектеп қайтпек? Ол туралы қала әкімдігі әзріше ештеңе айта алмай отыр.

Бүгінде осы оқу орнында  176  бала ат спортының 10-нан аса түріне машықтанып жүр. Сондықтан ата-аналар мен жаттықтырушылар мектеп жабылып қала ма деп алаңдаулы.

- Жалдан ұстайсың, бір қолмен үзеңгіден ұстайсың...

Ат мінгісі келетін әрбір бала әуелі оң-солын танудан бастайды. Жүгендеп, ерттеп мінуден бастап үйретеді. Сондықтан да балалардың ұлттық ат спорты мектебі деп аталады. Бастапқыда санаулы ғана шәкірт  үйірме ретінде қатысса, бүгінде бұл мектепте 176 жасөспірім  бар. Бес жасынан мінуді үйренген  Ерекеназ қазір  ат құлағында ойнайды. 

Еркеназ Ермекқызы, 4-сынып оқушысы:

- Басында жаттықтырушылар үйреткен. Қазір өз бетіммен өзім жүре беремін. Осында атқа отыруға келіп жүрмін. Маған берілген атпен осылай жүремін.

Ұлттық мектепке балалар 8 жастан қабылданады. Атқа толық үйренген соң спорттың түріне қарай іріктеледі. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу, садақ ату, қыз қуу сияқты ойындарға машықтанады. 

Олжас Керейхан, тілші:

- Ат үсті әуле. Бірақ қаланың балалары үшін бұл ұғым түсініксіздеу болса да жылқыға деген құмарлық қазақтың қанында болғандықтан атқа мінгісі келмейтін адам кемде-кем. Бұл спорттық мектеп болашақ шабандоздар үшін ашылған. Бірақ қазір....

Қазіргі жағдайы қиын. 2000 жылы облыстық деңгейде ашылса, 2017 жылдан бастап Өскемен қаласы әкімдігінің қарамағына өтеді. Ал былтыр  мектеп тұрған аумаққа  тұрғын үй салу туралы шешім шыққан. Қазір  ол жердің астаң-кестеңі шығып жатыр. Бірақ оған қарамастан балалар құрылыс материалдарының арасында атпен шауып  жүр. 

Ермек Жәпішов, ат спортының жаттықтырушысы:

- Біздегі ерекшелігі далада ғой. Қазір спорт залдардың бәрі жабық. Далада болғандықтан балалардың көбі келеді. Ата-аналардың өзі қарсы емес. Қинап тұрғаны алаң жоқ. Мысалы, аттарды шаптырып ары-бері жүргізгенге. Кішкене алаң бар. Екі үйді айналып жүрміз.

Айналып жүргенде қорыс-қопасы шыққан жерден ат үркуі де мүмкін. Жаттықтырушылар үшін де  ең негізі мәселе осы. 

Кабрдарман Тұрашев, ұлттық ат спорты балалар мектебі директорының орынбасары:

- Алдымен мектептің жағдайын шешсе ғой. Басқа жаққа апарып қоямыз деп.Істей берсін. Үй салу керек. Бәрін түсінеміз. Бізге ешкім келіп айтқан жоқ. Мектеп бола ма, болмай ма? Балалар шулап жатыр. Көктемде  ипподромды алып алды. Жазда жерді алып алды.

Алып алған жерге үй салу үшін  қазір инфроқұрылым тартылып   жатыр. Қала әкімдігі   мектепті көшіру мәселесін әлі ойланып отрыған көрінеді. 

Әлібек Тұрсынбетов, қала әкімінің кеңесшісі:

- Қазіргі кезде біздің қаланың бас сәулетшісі аранйы мамандар ол мектептің қолайлы жерге орналасу мәселесін қарастырып жатыр. Жабылу туралы қарастырып жатқан жоқ. Жаңағы сабақтар өтуі кезінде оқушылардың қуіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге  мектеп ұжымы мен ата-аналар да ерекше  мүдделі. Бірақ  олар қала әкімдігі сол қауіпсіздікті  сылтау етіп ұлттық мектепті біржола  жауып тастай ма деп алаңдаулы.  

Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы