389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Универсиада-2017: студенттеріміз қоржынды жүлдеге толтырады деп сенеміз

  • 965

Тура бір сағаттан кейін Алматыда 28-ші Қысқы Универсиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі басталады.

Дәл қазір Алатау етегіндегі шаһар аламанға қызу дайындық үстінде.

Дәл қазір Алматыда Универсиаданың жаңғырығы шартарапқа тарауда. Қазір ашылу салтанаты өтетін «Алматы-аренаға» адамдар ағылып жатыр. 12 мың адамдық су жаңа кешенде ине шаншар орын қалмайды. Себебі кешелі-бері билет іздеген жұрттың қарасы көп. Мамандар ашылу рәсімі Олимпиада ойындарынан кем болмайды дегенді алға тартады. Сонымен қатар, екі сағаттық шоу кешінде отандық режиссер мамандар жұмыс істейді. Бұл да болса біздің елдің ұл-қыздары күрделі жобаларды игеріп, көрерменге тамаша тарту жасайды деген сенім мол. Сондықтан көп естігеннен бір көрген артық. Универсиаданы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп ашады деген ақпарат бар. Ал, көрерменді қандай көрсетілімдер күтіп тұрғанын ұймдастырушылар құпия ұстауда. Универсиадаға қатысты соңғы ақпараттар жайлы айта кетсек, жарысқа қатысуға өтініш берген 64 елдің 57-сі Алматыға табан тіреді. Екі мыңға жуық спортшы 12 спорт түрінен 85 медальдар жиынтығын сарапқа салады. Қазақ елі барлық спорт түрінен сайысқа түседі. Еліміздің намысын 171 студент спортшы қорғайды. Бұл ақпаратты бізге еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты. Сала басшысының сөзін тыңдайық.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Біздің спортшыларға алғашқы үштікке кіру міндеті жүктелді. Бәсекелестік өте жоғары, сондықтан өзге командалардың да қарымды екенін айта кеткен жөн. Универсиадаға қатысушы елдердің де саны артты. Бұрын мұншалықты команда қатысқан емес. Біздің студенттер сайысқа дайын. Спортшыларымыз әр елдерде 26 оқу-жаттығу жиынын өткізіп келді.

Универсиаданың ашылу және жабылу салтанаттары өтетін «Алматы-арена» спорттық сайыстарды да қабылдайды. Мұнда мәнерлеп сырғанаудан жарыстар өтсе, кіші аренада керлингтен бәсекелер ұйымдастырылады. Ертең жарыстың алғашқы күні сегіз медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Атап айтқанда, тау шаңғысы мен сноуборд, фристайл және шаңғымен жүгіруден Универсиада ойындарының алғашқы жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталады. Екі жыл бұрын біздің студенттер Қысқы Ойындардан бес алтын, алты күміс медаль ұтып алғанын да айта кетейік. Енді Алматыда отандық студенттер қоржынды медальға толтырады деген үміт басым.

Авторы: Қанат Базылхан

Хабар 24 телеарнасы