386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев: Арқалық-Ұлытау автожолының ахуалы күн тәртібінен түспейді

  • 248
  • UPD: 20:24, 24.08.2019

Елімізде Туризм университеті құрылады.

Бүгін Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары аясында Ұлытауға барып, сонда кеңес өткізді. Жаңағы ақпар туризмді түлетуге арналған сол жиында айтылды.

Ұлытау ұлы бабаларға тағзым ететін орталық қана емес, туристік потенциалы зор экономикалық тиімді жоба болуы тиіс. Мыңнан астам мейман, 200 шетелдік делегат Қазақстан Президентінің бас болуымен ұлт тауы Ұлытауда жиналып, үлкен кеңес құрды. Мақсат – Еуразия кіндігінен этно-эко туризмнің орталығын жасау.

Туризмге тұсау болып отырған бір емес, бірнеше себеп бар. Ең әуелгісі туристік инфрақұрылымның осалдығы, я мүлдем жоқтығы. Әйтпесе ішкі, сыртқы қонаққа қымсынбай көрсететін Ұлытаудың тарихтан тәбәрігі жетерлік. 1800 шаршы шақырымнан асатын аумақта 600-ге жуық тарихи ескерткіш жатыр. Оның 280-нің ғана әзірге қорық-мұражайының тізіміне енген. Қания Тұрсынбаева – «Даму Ұлытау» қоғамдық қорының жетекшісі. Бір топ белсенді географпен бірігіп, өңірдің туристік маршруттарын сызған. Алайда бірен-саран қызыққан шетелдік болмаса, дайын жолмен туристтер жаппай тауға тартылып жатыр деуге ауыз бармайды. Отандық туристік компаниялар ішкі туризмді дамытуға құлықсыз дейді маман.

Қания Тұрсынбаева, география ғылымдарының кандидаты:

– Олар жергілікті туризммен айналысқысы келмейді. Ішкі туризммен айналысқысы келмейді. Тек қана шетелге апару. Ал біз шетелге апарсақ, шетелді байытамыз. Ал шетелдік жағын қабылдауды ойластырмаймыз.

Бизнестің ішкі туризмнен бас тартуының негізгі себебі – тарихи ескерткіштерге апарар жолдың жоқтығы. Бұл мәселенің шешілуне Қасым-Жомарт Тоқавев бүгін ерекше көңіл бөлді.

Ұлытаудың орталықпен арасын жалғайтын Арқалық-Ұлытау автожолының ахуалы күн тәртіптен түспейді деді Президент. Жол жөнделсе, жол жөнекей қызмет көрсету орталықтары мен қонақүйлер құрылысына жеке инвестициялар тартылады. Алайда бес жұлдызды, төбесі көк тірейтін сарайлар салудың қажеті жоқ. Инфрақұрылым бірінші кезекте қолжетімді болуы тиіс. Мемлекет басшысы бүгінгі туристі тұмса табиғат, көшпенділердің болмысымен баурау керектігін айтты. Мысал ретінде Шыңғысханның есімімен еліне көптеп қонақ тартып отырған Моңғолияны келтірді.

Әлемдік туризм нарығы табысының 40 проценті мәдени туризмен түседі. Үлкен олжадан Қазақстан қағылмауы тиіс. Міндет – бұған дейін қабылданған салалық мемлекеттік бағдарламаны іске асырып, туризм табысының үлесін ІЖӨ-де 8 пайызға жеткізу. Сырттан жыл сайын 9 млн қонақ қабылдап, ішкі туристердің санын 8 млн-ға жеткізу. Бұл – Мемлекет басшысы межелеген міндеттер. Қызмет көрсету саласына 650 мың адам жұмылдырылуы тиіс. Мамандар арнайы құрылатын Туризм университетінде оқытылады.

Киелі жердің күйін келтіру бір жағынан туризмге сеп болса, екінші жағынан Рухани жаңғырудың төте жолы. Жасыратыны жоқ, шетелдікті айтпағанда, қазақстандықтардың арасында да «Ұлытауда болып, ұлар етін жегендері» шамалы. Тағы сол тарихи сананың саяздығы мен ақпараттың аздығы. Бүгінгі туристік форум сол олқылықтың орнын толтыруға тырысты.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

– Қатпарлы тарихтың куәсі Ұлытаудың басындағы бұл жиын – қазақтың сан ғасыр бұрынғы тұрмысының тұп-тұра көрінісі. Ұлттық ән-күй, қолөнер, сал-серілік дәстүр, бәрі қазақ осындай деп тұр. Ұлт тауына жиналған мыңдаған қонақтың арасында шетелдіктер көп.

Солардың бірі – Сербияның Қазақстандағы елшісі Владан Матич. Дипломатқа көшпенділер мәдениетіне қатысты әрбір деталь қызықты.

Владан Матич, Сербия Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісі:

– Сіздердің ара-қашықтық туралы түсініктеріңізбен еуропалықтардың түсініктері мүлдем бөлек. Белград үлкен көлдердің жағасында орналасқан. Ұзындығы 400 шақырым жағада 5 еуропалық астана жайғасса, Қазақстанның бір қаласынан екіншісіне жету үшін 800 шақырым жолды артта тастау керек. Сондықтан логистика мәселесі шешілсе еуропалықтарға тылсым қазақтың дархан даласына жол ашылар еді. Осындай шексіз жерді көрген сайын бойымды ерекше тыныштық билейді. Өзімді терең тарихқа, көшпенділердің ұлылығына қатысты сияқты сезінемін.

Леон Янвей, туристік компания өкілі /Қытай/

– Туристік форум өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұндай іс-шаралар елді таныту үшін жиі өтіп тұруы тиіс. Ұлытауда қазақтың үш жүзінің басы біріккен деген тарихи дерек мені ерекше қызықтырды. Осыдан туристік аңыз жасауға болар еді. Бұл бірігудің символы ғой. Көшпенді өмірдің бүгінгі көрінісінен өткен күнге саяхаттағандай болды. Қазақтың ән-күйі, қонақжайлылығы, ұлттық тағамдары туристерге сөзсіз қызық. Бірақ оны әдемі ұсына білу керек.

Ұлт үшін маңызды шешімдер қабылданғандықтан, Ұлытау атанған мекенде болған бүгінгі мәжіліс көптің көңіліне «өңір енді жаңаша түлейді» деген үміт ұялатты. Турист ағылып, табысы артса, түйіні көп Жезқазған мен Ұлытаудың күні туар ма еді.

Авторлары: Әлібек Әлиев, Асхат Әзіретханов

Хабар 24 телеарнасы