423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Болашақта болуы мүмкін кедергілерді еңсеру үшін қазіргі уақыттан сабақ алу қажет – Президент

  • 690
  • UPD: 22:47, 14.04.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бейнеконференция форматында өткен осы жиында бірлескен мәлімдеме жасалды.

Сол құжаттың негізінде одақтас елдер коронавирусқа қарсы күш біріктіріп, сан саладағы өзара байланыстарын бекемдей түспек. Қазіргідей қысылтаяң шақта мұның әлеуметтік һәм экономикалық маңызы орасан.

Жоғары Еуразиялық Экономикалық кеңес отырысы бұл жолы ерекше форматта өтті. Әдетте сәулеті келіскен сарайда үстел басында кездесетін тараптар бүгін бейнеконференция арқылы жүздесті. Атап айтсақ, онлайн-саммитке Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары: Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғыз президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей президенті Владимир Путин және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты. Президент бұл мәжілістің жөні бөлек, маңызы ерек деді. Себебі әлем экономикасы қазір шатқаяқтап барады. Ал мұның салқыны одаққа мүше елдерге де тиері ақиқат.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Құрметті әріптестер! Бұл кездесу төтенше жағдай кезінде өзара бірлескен істерді талқылап, пікір алмасуға үлкен мүмкіндік берді. Қазірдің өзінде бірқатар шара қабылданды. Кейбір тауар түрлері мен медициналық заттарды экспорттауға тыйым салынды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, жеке қорғаныс құралдары мен дезинфекциялық сұйықтықтар және медициналық құралдардан алынатын БАЖ салығы нөлге теңестірілді.

Онлайн жиында Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші ауыл шаруашылық саласына тоқталды. Бұл саладағы мүмкіндіктеріміз зор. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестеріне өзімізді өзіміз азық-түлікпен қамтамасыз етудің жаңа деңгейіне шығатын уақыт келді деді. Ғылымсыз даму жоқ. Сондықтан ауыл шаруашылығы ғылымында тәжірибе алмасу үшін ынтымақтастықты нығайтпақ керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біздің елдеріміз ауылшаруашылық және азық-түлік тауарларын өндіруде айтарлықтай мүмкіндікке ие. Біз агроғылым саласында өзара ынтамқтастығымызды арттыра отырып, ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз ететін және дайын өнім шығару қуаттылығын барынша күшейтіп, сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндіктерін қарастыра аламыз.

Екіншіден, Президент өңірлік өндірістік-технологиялық кооперацияларды нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Қазіргі дағдарыс ғаламдық құндылықтарды айтарлықтай өзгертті. Жаһандық өндіріс, сауда және логистика құрылымдары жаңа деңгейге көтерілуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бірлесе отырып аймақтық өндірістік технологиялық кәсіпорындарды құру – ортақ жұмысымыздың тағы бір саласы бола алады. Әлбетте бұл дағдарыс жаһандық ландшафты айтарлықтай өзгертеді. Осы өзгерістерді ескере отырып, елдердің экономикалық мүмкіндіктеріне қарай қосымша құн салығының аймақтық шеңберін құру керек. Бұл бағыт бойынша үкіметтеріміз өзара келіссөз жүргізіп, барлық мәселені пысықтап алуға мүмкіндік бар.

Үшіншіден, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы сауда процестерінің орнықтықты һәм тұрақты болуы қазір аса маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Одақ ішінде жасалған тауарлардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету маңызды. Ішкі нарықта тауардың еркін айналымын болуын бұған дейін де бірнеше рет талқыладық. Өкінішке орай, дағдарыс кезінде жаңа кедергілер шығып жатыр. Дәл осы кезеңде оны айналып өту мүмкін емес. Бірақ одан әрі созылуына жол бермеу керек.

Төртінші, іскерлік белсенділікті ынталандырып отыру қажет. Пандемия кесірінен шығынға батып жатқан кәсіпкерлерге қаржылай қолдау керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бесіншіден, соңғы бір-екі айдағы жағдай біздің мемлекеттеріміздің денсаулық сақтау саласы мен медицина ғылымында ынтымақтастықты арттыр өзекті мәселе екенін көрсетті. Бүгінде Қазақстан коронавирусты анықтайтын өзіндік тест жасады. Енді оған қарсы екпе жасауға тырысып жатыр. Әрине бұл жұмыстар енді ғана басталды, десе де нәтиже жаман емес. Дәл осындай жұмыстар одаққа мүше өзге мемлекеттерде де іске асып жатыр. Бұл салада Ресей айтарлықтай нәтижеге көрсетіп келеді. Корнонавирусты тексеру және емдеу ісінде инновациялық технологиялар мен тың ақппарат алмасуда ынтымақсатық орнату керек. Ғылым саласында бірлесе жұмыс істеу нәтижелі болады.

Алтыншыдан, Президент кедендік қызметтерді цифрлық жүйеге негіздеу керектігін айтты. Себебі қалалар карантинге жабылғанда, сандық қызметке жүйе қызметіне жүгінетіндердің қатары күрт көбейді. Жалпы кесел кең етек алғалы жаһандағы ахуал қиындап кетті. Бүгінде індетті жұқтырғандар саны әлемде 2 миллионға таяды. 120 мыңнан аса адамның өмірі қиылды. Дүниедегі жұрттың жартысы үйінде отыруға мәжбүр. Елең-алаң кезде әр ел өз халқын, экономикасын қорғау үшін табанды күрес жүргізіп жатқан белгілі. Айталық, біздің Үкімет індет кезеңінде шет елдерде қалып қойған 7 мыңнан аса азаматымызды Отанына алып келді. Бұл істе өзгелерге де жәрдем бердік. Орайы келгенде Қырғыз Президенті бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысын білдірді.

Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының Президенті:

– Құрметті әріптестер! Қиын қыстау кезде қырғыз азаматтарының отанына оралуы үшін дер кезінде көмек көрсеткен Ресейдің мемлекет басшысы Владимир Путин мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіргім келеді. Одаққа мүше елдер бірігіп әрекет еткенде ғана пандемияға қарсы жұмыстар нәтижелі боларына сенім кәміл.

Комиссияға мүше-мемлекеттердің үкіметтерімен бірлесіп аталған бағытта ынтымақтаса жұмыс жүргізу маңызды боп тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағытта нақты ұсыныстар жобасын дайындауды алға тартты. Себебі әріптестік нығайғанда ғана одақтың экономикасы шатқаяқтамайды. Іркілмей, ілгері басады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Елдеріміз, ортақ одақ бұл дағдарыстан да шығарына сенімдімін. Пандемияның кезінде анықталған кемшін тұстарды жетілдіруіміз қажет. Алда болуы мүмкін кедергілерді қиналмай еңсеру үшін қазіргі уақыттан сабақ алу қажет.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы