420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атыраулық Нұршат Құсанова Junior Eurovision байқауының финалына дайындалуда

  • 109
  • UPD: 22:05, 11.09.2020

Junior Eurovision 2020 халықаралық ән байқауының ұлттық іріктеу күні жақындап келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

700-ге жуық үміткердің ішінен озып шыққан 12 қатысушы 26 қыркүйек күні бақ сынайды. Бабы мен бағы келіскен өнерпаз Польшада өтетін халықаралық ән байқауына жолдама алады. Қазір жас әншілер қызу дайындық үстінде.

Ұлттық іріктеуге жолдама алған 12 қатысушының бірі 10 жасар атыраулық Нұршат Құсанова кішкентай күнінен өнерге құштар. Ол халықаралық ән байқауы туралы әлеуметтік желіден көріп, бағын сынауға бел буыпты. Жас дарынға сәттілік серік болып, ұлттық іріктеуге жолдама алған.

Нұршат Құсанова, Junior Eurovision 2020 байқауына қатысушы:

– Eurovision байқауының финалына өтемін деп ойламадым. Ағаммен бірге жай түсіре салған видеоны соңғы күні жібердік. 12 финалисттің қатарына енгеніме қатты қуанып кеттім. Дайындық өте жақсы өтіп жатыр. Халықаралық Eurovision байқауына барып, бірінші орын алып, Қазақстанның атын шығарғым келеді.

Қызының талантын таныған ата-анасы осыдан екі жыл бұрын оны вокал үйірмесіне берген. Осы уақыт аралығында біраз шыңды бағындырып үлгеріпті. Халықаралық байқауларда да топ жарған жас өрен алдағы үлкен сынға қызу дайындық үстінде. Таңнан кешке дейін тынбай, вокал ұстазымен студияда дайындалады. Оқушысының дарынын шыңдап жүрген тәлімгері оның биік белеске шығарына кәміл сенеді.

Әділбек Байтаңат, Нұршаттың ұстазы:

– Eurovision жобасына әр өңірден кіл мықты балалар келеді ғой. Соның ішінде отыздыққа ілігіп, кейін он екілікке іліндік. Қазір қарқынды дайындық үстіндеміз. Осы айдың 11-інде Алматы қаласына барып, әйгілі композитор Арман Дүйсенов мырзамен жолығып, оның әнін орындауға дайындаламыз.

Талантты жас әуелетіп ән шырқап қана қоймай, мың бұралып би де билейді. Вокалдан сабақ алып жүрген өнер мектебінде би билеудің қыр-сырын үйреніп жүр.

Отбасында Нұршат қана емес, қос ағасы да өнерге жақын. Домбыра мен гитараны серік еткен бауырлары қарындасы үшін қуанышты. Карантин кезінде өнер мектебі жабылған уақытта ол ағаларымен бірге дайындалған.

Польшада өтетін халықаралық ән байқауына жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан тек бір орындаушы ғана жолдама алады. Сондықтан ұлттық іріктеу – әнші жастар үшін шешуші сәт. Мұнайлы өңірдің атын, еліміздің мәртебесін асқақтатамын деген Нұршатқа сәттілік тілейміз.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы