387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейде кибер-ұрлықтың өрісі кеңейіп жатыр

  • 654
  • UPD: 11:44, 20.01.2017

Биыл Ресейде интернет арқылы жасалатын ұрлық саны 30%-ға өседі.

Ал ұрланатын қаржы сомасы екі есеге шарықтауы мүмкін. IT мамандар осындай болжам жасайды. Ақпараттық қауіпсіздік мамандары оған банк клиенттерінің өздері кінәлі деп санайды. Себебі төлем карталарын ұстаушылар қауіпсіздік ережелерін сақтамайды екен. Ресейде жасалған киберқылмыстың үштен бірі қарапайым халықтың есепшотынан ақша шығару болып тіркелді. Былтыр мұндай қылмыстың саны 107 мыңға жетті. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 78%-ға артық. Алаяқтар өткен жылы ресейліктердің есепшотынан 650 млн рубль ұрлаған. Олар көбіне қарт адамдарды алдаған. Телефон арқылы банк карталарының паролі сияқты құпиялы ақпаратты біліп алып, есепшоттан ақша шығарған. Ұрлық жасауға қажетті мәліметті табудың тағы бір тәсілі – электронды пошта арқылы зиянды бағдарлама жүктелген хат жіберу. Ақпараттық қауіпсіздік бойынша мамандар берген кеңестердің ішінде – банк карталарында қомақты сомаларды сақтамай, шығыс операцияларына лимит орнату.

Владимир Ульянов, Zecurion сараптама орталығының басшысы:

- Мысалы, әжесіне немесе анасына смартфон сатып алып, оларды қашықтықтан төлеу, мобильдік банкинг сияқты жаңа функциялармен таныстыратындар баршылық. Бірақ бұл өте қауіпті болуы мүмкін. Өйткені қаржылық және ақпараттық тұрғыда сауаты аздау пайдаланушы қауіпсіздік мәселелеріне дұрыс мән бермейді. Осындай жағдайда жаңа технологиялар мен қорғалудың арасында, қолайлылық пен қауіпсіздік арасында ымыра іздеуге тура келеді.

Хабар 24 телеарнасы