378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда шипажайлар жекеменшік коммерциялық мекемеге айналған

  • 92
  • UPD: 15:32, 06.06.2019

Грузияның танымал курорттары 90-жылдардың тоқырау кезеңінде қиындыққа тап болды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Туристер легі күрт азайып, шипажай кешендері жабылып жатты. Білікті мамандар жұмыссыздар қатарына қосылды. Жылдар өте келе оңалту орындары жекеменшікке беріліп, туризм дамыған шақта қайта жандана бастады.

Бұрын танымал шипажайларда шетелдіктер де, жергілікті тұрғындар да кәсіпорын берген жолдамамен демалатын. Ал қазір Грузияда мемлекеттік бағдарламалар мен тегін жолдама жоқтың қасы. Себебі шипажайлар жекеменшік коммерциялық мекемеге айналған.

Вато Асаташвили, туризм маманы:

- Қараусыз қалған ескі кешендер қазір қайта жөндеуден өтті. Оған қоса жаңа демалыс орындары да ашылды. Мәселен, Саирме мен Урекиді және оларға іргелес аудандарды айтуға болады. Қазір Грузияның шипажайларында демалып жатқандардың шамамен 70 пайызы шетелдіктер болса, тек 30 пайызы ғана жергілікті тұрғындар. Туристер арасындағы ең танымал бағыттар Уреки, Цхалтубо, Сайерме, Боржоми болып саналады.

Радон ваннасы, балшықпен емдеу мен құм терапиясы тәнге шипа, жанға дауа. Мәскеулік Лия Сергеева қазір Урекиде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған тегін оңалту орталығын салуда. Оның Серафим есімді ұлына ұзақ уақыт бойы ешкім нақты диагноз қоя алмапты.

Лия Сергеева, Мәскеу тұрғыны: 

- Мәскеу мен Санкт-Петербургтің көптеген дәрігерлеріне қаралдық. Чехия, Литва елдеріне де, тіпті Тбилисиге де бардық. Ешбір маман балаға не болғанын түсіндіре алмады. Бірақ кездейсоқ Қара Теңіз жағасындағы Уреки қаласына барғанымызда күтпеген жерден баланың жағдайы жақсарғанын байқадым. Оның ұйқысы дұрысталып, тамаққа тәбеті ашылды. Ас қорыту жұмысы да жақсарды. Ең бастысы, сөйлей бастады.

Грузияда жалпы 340-тан астам курортты орын бар. Ал минералды су көздері 2 мыңнан асады. Шипажайлардың бағасы тәулігіне 40 пен 100 еуро аралығында.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы