389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украина пластик дорбадан бас тарту күнін белсенді түрде атап өтті

  • 562
  • UPD: 14:26, 04.07.2019

Халықаралық полиэтилен пакетінен бас тарту күнін Украинаның белсенді қоғам мүшелері ерекше атап өтті.

Бұл күні төрт жүзге жуық адам қайықпен жүзіп, Днепр өзенін тазалауға күш жұмсады. БҰҰ мәліметі бойынша, жыл сайын теңізге 8 млн тонна пластик заттар тасталады екен. Жүз мыңға жуық теңіз жануарлары осы қоқыстың кесірін көріп келеді.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Полиэтиленнен теңіз бен мұхитты айтпағанда, қаладағы су қоймалары, өзен мен көлдер де көз ашпай отыр. Киевтің атақты Днепры да жыл бойы осы қалдықтың зардабын тартып келеді. Бүгінгі экологиялық флешмоб -қоқысты суға лақтырмау мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Және бүгінгі шара аясында өзеннен бір тоннаға жуық қоқысты жинап алу жоспарда тұр.

Қарапайым шаштараз қызметін атқаратын Киев тұрғыны Елена қоқысты судан теріп алуда бүгін алдына жан салмады. «Халықаралық полиэтелен пакетінен бас тарту күніне Украина тұрғындары белсенді қатысқаны қуантады» дейді ол. Өкінішке орай, ғасыр бойы шірімейтін полиэтелен өнімін әр жерге оңай лақтыра салудан еш қымсынбайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз деп күрсінеді Елена.

Елена Жилина, Киев қаласының тұрғыны:

- Бір сағатта осындай қоқыс жинап шықтық, әрине мұндай көп боларын білмедік. Өзен жағасы, қамыс арасы, балықшылар тұрған аймақ қоқысқа толып тұр екен. Пластикалық өнім тіптен көп. Тамақтан кейін адамдар тастап кете барған. Өкінішті.

Сергей Волков, қоғам белсендісі:

- Мұнда жиналғандардың барлығы қоқыс проблемасына жандары ауырады. Бір ғана адам қоғамға үлгі бола алады. Біз әлемді, қоғамды, мемлекетті өзгерту үшін алдымен өзімізден бастауымыз керек. Судан қоқыс теріңіз демейміз, алайда супермаркетке бір күні полиэтелен дорбасыз барып көріңізші. Мұның да жақсы нәтижесі бар.

Жыл сайын әлемде триллиондаған полиэтилен пакет өндіріледі. БҰҰ деректеріне сай, жы-лына 8 млн тоннаға жуық пакеттер мен пластик дорбалар теңіз және мұхиттарға тасталатын көрінеді. Салдарынан құстар, балықтар мен жүз мыңға жуық теңіз жануарлары аяусыз қырылып жатыр. Украина Халықаралық полиэтелен пакетінен бас тарту күнін алғаш рет осындай кең көлемде атап өтті. Акцияны келесі жылы да жалғастырамыз дейді ұйымдастырушылар. Бүгінгі экологиялық флешмобтың нәтижесі бойынша Днепр өзенін 400 ге жуық адам қайықпен жүзіп жүріп тазалады. Бүгін жоспар артығымен орындалып, судан 2 тонна қоқыс алынды.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Сергей Качанов

Хабар 24 телеарнасы