413,26 452,15 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстанда 10-нан астам дәрігер коронавирус жұқтырып алған

  • 273
  • UPD: 13:03, 01.04.2020

Өзбекстанда 172 коронавирус дерегі тіркелді.

Оның ішінде жұқпалы аурумен 10-нан астам дәрігер ауырып жатыр. Қауіпті індетпен күресіп жүрген ақхалатты жандар әр екі апта сайын ауысып отырады. Науқастарға көмектескен медициналық қызметкерлердің алғашқы легі күні кеше жұмыстан уақытша босатылып, оңалту орталықтарына жіберілді.

Өзбекстандағы эпидемиологиялық ахуал туралы қысқа да нұсқа. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бүгінде елде 90 мыңнан астам адам карантинде жатыр. Дені үйлерінде оқшауланған. Қазіргі уақытта 175 коронавирус дерегі тіркеліп отыр. Оның екеуі қайтыс болды.

Тағы 8 науқас сауығып шықты. Оларды ауруханадан шығарып, оңалту орталығына жіберді. Бұл шипажайда 71 медицина қызметкері де демалады. Олар – Ташкенттегі Вирусология институтының жұмыскерлері. Күн-түн демей, екі апта бойы вирусты жұқтырған азаматтарға көмектескен адамдар бұл. Тіпті осы 14 күн бойы науқастармен бірге клиникада түнеген. Бұл дәрігерлерді денсаулық сақтау министрінің өзі шығарып салды. Қолдарына гүл шоғын ұстатып, әрқайсысына теледидар сыйлады. Қауіпті індетті жеңгендер ақхалатты жандарға алғыстарын айтты.

Хадича Шахобова:

– Мен Вирусология институтының қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін. Өз бастарын қауіпке тіксе де, 14 күн бойы бізбен бір ғимараттың астында жатып, күндіз де, түнде де көмектерін аямады. Олар – бүгінгі күннің қаһармандары.

Осы күнге дейін науқастарға көмектесемін деп оннан астам дәрігер коронавирус жұқтырып алғанын айтып кеткен жөн. Осы орайда мемлекет тарапынан оларға мықты қолдау көрсетіліп жатыр.

Атап айтқанда, Өзбекстан президентінің пәрменімен қауіпті індетпен ауыратын әрбір ақхалатты жанға 100 млн сом төленеді. Бұл – шамамен 10 мың АҚШ доллары. Бұдан бөлек барлық дәрігер мен эпидемиолог ай сайын – 2,5 мың, медбикелер мен лаборанттар – 1,5 мың, санитарлар 1 мың доллар жәрдемақы алатынын да еске сала кетейін.

Әуелі вирустан сақтануға арналған мұндағы шаралар туралы қысқаша әңгімелейін. Елдің ірі қалаларына кіріп-шығуға шектеу қойылғанын бұған дейін де айтып кеткен едім. Көшеге бетпердесіз шығуға тыйым салынғаны да қаперлеріңізде болар.

Медициналық маскасыз далада жүрген 10 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапқа тарталды. Бұл – соңғы екі күнде тіркелген дерек. Айыппұл сомасы біздің валютаға шаққанда 50 мың теңге. Жақында Өзбекстан шаһарларында жеке көлікпен жүруге де тыйым салынды. Тек тамақ жеткізетін кәсіпкерлер, дипломатиялық корпус өкілдері, дәрі-дәрмек пен азық-түлік сататын саудагерлер, құқық қорғау органдары секілді бір топ азаматқа ғана арнайы рұқсат қағазы беріледі. Бұл құжатты алу үшін кейбір адамдар небір айла-әрекетке барып отыр.

Русланбек Давлетов, Өзбекстанның әділет министрі:

– Әлеуметтік желіде белгілі бір сомаға құжаттарды қолдан жасау жөніндегі хабарландырулар қаптап жүр. Айлакерлер көлік құралын тамақ жеткізумен айналысатын компанияның атына тіркеуді ұсынады. Осылайша карантин уақытында жеке автокөлікпен жүруге рұқсат беріледі.

Осындай қулыққа барғандар бірден білініп қалып жатыр. Өйткені рұқсат қағаздарын BMW, «Лексус», «Мерседес» секілді көліктердің иелері сұрайтын көрінеді. Ал Өзбекстанда автокөліктің бұл маркаларын сатып алуға тек бай-қуатты азаматтардың қалтасы көтереді.

Авторы: Жасын Біркенов

Хабар 24 телеарнасы