425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Иранда эпидемияның екінші толқыны басталуы мүмкін

  • 360
  • UPD: 10:40, 25.04.2020

Тәуелсіз құқық қорғаушылар осылай деп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың алаңдауы бекер емес. Себебі бұл аптаның басынан бері Ислам Республикасында ірі сауда орталықтары мен базарлар жұмысын қайта бастаған. Сауда нүктелерінің иелері карантиннің жеңілдетілуі жайлы жаңалықты қуанышпен қарсы алды. Алайда құқық қорғаушылар бұл орындарды ашуға әлі ерте дейді.

Иран өткен айда ғана коронавирус жұқтырғандар саны бойынша алда тұрған 3 елдің бірі болатын. Қазір Ислам Республикасы бұл тізімде жоқ. Елде індетке шалдыққандар саны төмендеді. Ал бір тәулікте қайтыс болғандар саны жүзден аспайды. Енді мемлекет біртіндеп қалыпты өмірге қайта орала бастады. Қала аралық қатынас ашылды. Жолдарда көлік қозғалысы жанданды. Барлық компаниялар вирусты жұқтыру мүмкіндігі бойынша төменгі, орта және жоғары санатқа бөлініп, тексеруден өткен кәсіпорындар өз жұмысына кірісті. Сауда нүктелері кезең-кезеңмен және келісілген кесте бойынша ашылып жатыр. Таяуда дәмхана мен мейрамханалар да өз жұмысын бастады.

Мохаммад Нагхавиан, дәмхана иесі:

– Бұл ең күрделі дағдарыс болып отыр. Келушілер жоқ. Алайда орынды жалдау ақысын, қызметкерлердің жалақысы мен коммуналдық төлемдерді төлеуге міндеттіміз. Амал қанша, бәріне төзуге тура келеді. Бір ай ма, жарты жыл ма, қанша керек десе, сонша уақыт мұның бәрін өз қалтамнан төлеуге дайынмын. Ең бастысы, вирустың таралуы тоқтаса екен. Сонда отбасым көшеде емін-еркін жүре алады.

Шектеу шараларының жартылай жеңілдетілгені денсаулық сақтау саласы мамандарын алаңдатып отыр. Мамандар жергілікті жұрт эпидемияның екінші толқынының қаупін жете сезінбей жүр дегенді алға тартады. Яғни тұрғындар арқаны кеңге салмай, барынша бұрынғыдай санитарлық ережелерді сақтауы тиіс.

Хамид Завар, мейрамхана директоры:

– Қазір билік пен халық бірге болу керек. Ең бастысы, вирусты жеңіп шығуымыз қажет. Осыдан кейін үкімет, меджилис пен өзге мемлекеттік органдар бар күш-жігерін қарапайым халықтың қаржылай қиындықтарын шешуге жұмсағаны жөн.

Билік сондай-ақ спорттық шараларды қайта бастау мәселесін талқыға салды. Әзірше жарыстар 4 мамырға дейін шегерілген. Енді 4 мамырда парламент осы мәселеге қатысты нақты шешім қабылдауы тиіс.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Юлия Гнатюк, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы