423,04 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Лондонда шектеулердің ең жоғарғы үшінші деңгейі енгізіледі

  • 102
  • UPD: 12:56, 15.12.2020

Ұлыбритания астанасында ертеңнен бастап вирусқа қарсы шектеулердің ең жоғарғы үшінші деңгейі енгізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Билік мұндай қадамға Лондонда індет өршіген соң барғалы отыр. Оның үстіне коронавирустың өте жылдам тарайтын жаңа штаммы пайда болып, әбігерге салуда.

Сәрсенбіден бастап Англияның 61% жуық тұрғыны, яғни 34 миллион халықтың қатаң шектеулердің талаптарына бағынулары керек болады. Пабтар, мейрамханалар, театрлар, кинотеатрлар және басқа да көңіл-көтеру орындары жабылады. Үйге жеткізіп беру қызметі, оқу орындары, дүкендер, сұлулық салондары және шаштараздар жұмыс істей бермек. Тұрғындарға қаладан шықпауға және қоғамдық көлік пайдаланбауға кеңес беріледі. Көшеде алты адамнан артық жиналуға тыйым салынады. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, Ұлыбританияда өте тез тарайтын коронавирустың жаңа түрі пайда болып, инфекция өрши түскен. 

Мэтт Хэнкок, Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі:

– Бүгінгі таңда көбіне Англияның оңтүстігінен коронавирустың жаңа түрін жұқтырған мыңнан астам науқас анықтадық және олардың саны сағат санап артып келеді. Соңғы айларда осыған ұқсас жағдайлар басқа да мемлекеттерде тіркелгені белгілі. Бұл жөнінде біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын хабардар еттік.

Коронавирустың мутацияға ұшыраған жаңа түрі ауыр асқынуларға әкеп соқтыруы неғайбыл. Жалпы кез келген вирустың ағзамен байланысқа түскеннен кейін түрленуі заңды дейді мамандар. Бүгінге дейін COVID-19-дың 7 негізгі штаммы анықталған екен. Лондон тұрғындарының арасында жаңа шектеулерді қолдағандар да, оған қарсы шыққандар да бар.

БЛИЦ:

– Менің ойымша, бұл құптарлық жағдай. Көшеде халық көп, сондықтан коронавирустық шектеулердің үшінші деңгейінің жариялануы орынды.

– Меніңше, бұл дұрыс емес. Лондонда бос тұрған аурухана көп. Олар сәуір айындағыдай науқстарға толып тұрған жоқ. Менің ойымша, адамгершілік танытып, Рождество мерекесіне дейін күту керек еді.

Қатаң шектеулер негізінен бизнес саласына салқынын тигізбек. Кәсіпкерлер Үкіметтің пабтар мен мейрамханаларды жабу туралы ақылға сыймайтын шешімінің кесірінен мыңдаған адам жұмыссыз қалуы мүмкін деп дабыл қағып жатыр. Шектеулердің нәтижесінде Лондонда кемінде 15 500-ге жуық көңіл көтеру орны жабылып, әдетте Рождество және Жаңа жыл сияқты мереке күндері қанжығасы майланатын кәсіпкерлер табыстарынан қағылмақ.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы