378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жеңіс күні Лондонда атап өтілді

  • 98
  • UPD: 15:56, 10.05.2019

Негізгі шара Ұлыбритания империялық әскери мұражайы жанындағы паркте ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мұнда екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қайтыс болған кеңес әскерилеріне арналған ескерткішке гүлдестелері қойылды.

Фашизмге қарсы күресте қаза болған кешегі Кеңес жауынгерлері мен азаматтарына арналған ескерткіш осыдан тура 20 жыл бұрын ашылған. Ол Лондондағы империялық соғыс мұражайының жанында орналасқан. 3 метрлік ескерткіш қоладан құйылған және төмен қарап тұрған әйелді бейнелейді. Мүсіннің үстіңгі жағында қоңырау, төменінде естелік жазулар жазылған гранит тақта бар.

Таңертеңнен толассыз жауған жаңбыр ардагерлер шеруге шыққан мезетте тоқтап, табиғат та майдангерлерге құрмет көрсеткендей әсер қалдырды. Сапқа тұрғандардың қатарында 94 жастағы Симо Уильям Тейлор да бар. Ол Ұлы Отан соғысы кезінде Ұлыбританияның әскери теңіз флотында қызмет еткен. Тейлор фашизмге қарсы күрескендер қатарында қазақстандықтардың да болғанына қуанышты.

Симо Уильям Тейлор, II дүниежүзілік соғысының ардагері:

- Мен Қазақстан халқына барлық жақсылықтарды тілеймін. Әрдайым денсаулық, бақыт және бейбітшілік болсын.

Айтпақшы, гранит тақтаның түбінде фашистік агрессияға тойтарыс берген Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь және басқа да елдерден әкелінген топырақ бар. Атаулы күні әлгі мемлекеттердің өкілдері – дипломаттар ескерткішке гүлдестелерін қойды. Шараны лондондық Саутуарк округі басшылығының қолдауымен британиялық кеңестік әскери естелік қоры ұйымдастырған.

Ральф Гибсон, Британиядағы Кеңес Одағы әскери естелік қорының құрметті хатшысы:

- Шараның негізгі мақсаты – 27 миллион кеңес әскері мен халқы фашизммен күресте қаза тапқанын Біріккен Корольдік азаматтарының жадында жаңарту. Бұл майдан ешқашан ұмтылмауы тиіс.

Ресми бөлімнен соң дипломатия өкілдерінің ұйымдастыруымен «Жеңіс үшін бір тілек» ортақ акциясы болып өтті. Ардагерлер мен шара қонақтары мерекелік дастархан басына шақырылып, оларға ұлттық тағамдар мен сусындар ұсынылды. 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы