386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл күзде жастарға жалдамалы баспана беріледі

  • 327
  • UPD: 21:55, 17.07.2019

Жаңа пәтерлерді жалдау құны айына небәрі 10-12 мың теңге. Тисті құжаттар әзірленген, қазынадан қажет қаражат та бөлінді.

Тың жоба 3 қалада жүзеге асады. Ел үкіметі жастарды баспанамен қамту үшін осындай қадамға барып отыр. Бірақ жалдамалы пәтер барлығына бірдей берілмейді. 

Жастарға жалдамалы пәтер беру елімізде бұрын-соңды болмаған. Сондықтан теңдессіз деуге келеді. Жыл соңына дейін елордада, Алматы және Шымкент қалаларында 3 мыңға жуық пәтер қолданысқа берілмек. Жаңа үйлерге жұмысшы жастарды қоныстандыру көзделген. 

Жобаның шаттары да белгілі. Жасы 29-дан аспаған, кемі 2 жыл тұрақты тіркеуі бар, қызмет қылатын жастар осы бағдарламаға қатыса алады. Олардың айлық табысы 100 мың теңгеден кем болмауы тиіс. Жастайынан жетім қалған, мүгедек балалары бар яки ата-анасы кембағал жастарға арнайы жеңілдіктер қарастырылған.

Мадияр Қожахмет, ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы:

- Пәтерді беру мәселесі бойынша қазіргі таңда ережелер қабылданып жатыр. Бұл ережелер қазіргі таңда 3 қаланың жастарымен, өкілетті органдарымен талқыланып, келісу барысында. Біздің ойымызша осы жаздың соңына дейін бұл ережелерді қабылдап, үй беру мәселесі қолға алынады. 

Жастарға арналған пәтерлерді жалдау құны айына 10-12 мың теңге. Қолданысқа берілетін пәтерлердің көлемі 40 шаршы метрге жуықтайды. Бұл үйлер жастарға 5 жылға жалға беріледі. 

Мадияр Қожахмет, ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы:

- Жастар қазіргі таңда үй алу үшін кез келген мемлекеттік бағдарламаларға немесе екінші деңгейлі банктерде өздерінің шоттарын ашып, жалдамалы пәтерде тұру уақыты біткен кезде үй алуға мүмкіндігі болуы керек деген талап қойып жатырмыз. Біздің ойымызша бұл талап әрі қарай өздерінің жекеменшік үй алуына мүмкіндік береді.  

Қазір елімізде тұрақты жұмыс істейтін жастардың саны 2 миллионға жуық. Олардың көбі Алматыда тұрады. Жастарды жалдамалы баспанамен қамту үшін 21,6 млрд теңге бөлінген. Бұл ақшаға тұрғын үйлер салу және дайын пәтерлерді сатып алу көзделіп отыр.  

Нұрсұлтан Керімқұлов, ҚР ИДМ құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті нің бас сарапшысы:

- Жұмысшы жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуін және қаражаттың игерілуін жеделдету үшін қазіргі таңда біз тұрғын үйдің құрылысын ғана емес, бірінші және екінші нарықтан үйлерді сатып алуды қарастырдық.

Жастардың барлығына жалдамалы пәтер беру мүмкін емес. Осыны түсіну керек. Министрлік жоғарыда аталған шарттарға сай келетін жас мамандарды ғана баспанамен қамтиды. Келешекте пәтерлер саны көбеюі мүмкін және бұл жобаны өзге өңірлерде жүзеге асыру жоспарда бар.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы