375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өздеріне тиесілі қаржыны ала алмаған мұғалімдерге 119 млн теңге қайтарылды  

  • 750
  • UPD: 18:25, 12.01.2020

Былтыр еліміздің кейбір мектептерінде мұғалімдер өздеріне тиесілі жәрдемақыларды толық көлемде ала алмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, еңбек демалысына яки іс сапарға шыққанда берілуі тиіс ақшаның ұстаздарға тек белгілі бір бөлігі ғана төленіпті. Қалғаны қайда кетті? Мұндай жағдайды сала мамандары заңсыздық деді. Жалпы осындай кезде педагогтар кімге шағымдана алады? Төленбеген қаржыны өндіріп алуға мүмкіндік бар ма?

Елімізде салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы бар. Бұл ұйым немен айналысады? Ең бірінші мұғалімдердің құқығын қорғайды. Мәселен, былтыр аталған кәсіподақ жұмыстан шығайын деп тұрған ондаған ұстаздың қызметте қалуына ықпал еткен.

Айгүл Мұқашева, қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы:

– 2019 жылы 44 ұстазды заңсыз жұмыстан шығайын деп тұрған жерінен араласып, жұмыста қалдырдық. Заңсыз жұмыстан шығарылған 20 ұстазды біз қайтадан жұмыс орнына қайтардық. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында ұстаздарымызға 119 миллионға жуық қаражатты қайтарып бердік. Ол дұрыс есептелбеген жалақылары. Еңбек демалысына шыққан кезде дұрыс есепелмеген сауықтыру жәрдемақысы. Іс-сапарға шыққанда төленбеген іс сапар шығындары.

Мысалы, Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Қайыңды ауылындағы Смаилов атындағы орта мектептің 40 шақты мұғалімі еңбек демалысына шыққан кезде берілетін жәрдемақыны толық көлемде алмаған. Ақыры кәсіподақтың араласуымен төленбеген қыруар қаражат педагогтарға беріліпті. Мұны телефон арқылы бізге ұстаздардың бірі айтты.

Азизат Байдыгелова, мұғалім:

– Осы жаздыкүні қосылмай қалған ақшамызды алып, мұғалімдердің алты 60 мыңнан аяқ жағы 40 мыңнан алып, осындай мол ақшаға ие болып, қуанышта отырмыз. Сондықтан білім кәсіподағындағы сол ұжымның қызметкерлеріне мол алғысымызды білдіреміз.

Айгүл Мұқашева, қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы:

– Ұстаздарымыз еңбек демалысына шыққанда сауықтыру жәрдемақысын 1 ставкамен төлейді. Еңбек кодексіне байланысты ұстаз қанша сағат жүргізеді, сол жүктемесіне байланысты төлеу керек.

Яғни бұл – елде бар проблема. Алдағы уақытта мұндай заңсыздықтың бәрі жіті тексерілмек. Тағы бір жаңалық – мектептегі мұғалімдердің оқу жүктемесі азайды. Педагогтар бұрынғыдай 18 сағат емес, 16 сағат жұмыс істейді. Бірақ бұдан ұстаздардың жалақысы азаймайды. Бұл да – педагогтың құқығын қорғауға бағытталған көп шараның бірі.

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы