420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президент: Шетелдік және жергілікті жұмыскерлерге жалақы төлеуде теңсіздікке жол бермеу керек

  • 548
  • UPD: 21:32, 24.01.2020

Халықтың тапқан-таянғанын инфляция жұтып жатыр.

Реформалардың орындалуы тым баяу. Қазынадан қаржыландырылатын холдинг атаулыда штат көп. Бұл – бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жіпке тізген түйткілдердің бір парасы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ қымбатшылыққа қарсы қайрат көрсете алмаған министрлер мен әкімдер де сыналды.

Бірақ Мемлекет басшысы ешкімге сөгіс жариялаған жоқ. Келесі отырысқа дейін сыннан қорытынды шығаруға мүмкіндік берді. Үдеден шықпағандары қызметінен кетеді.

Бәрі бойшаң, бәрі алып. Бірақ экономикада ондай өсім жоқ. Құрылыста, саудада және көлік саласында ілгерілеу болғанымен, адымды алшаң бастық деуге келмейді. Кірістен көрі, шығын көп. Қазынадағы қаражатты үнемдей білмейміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жыл сайын жобаның сметалық құжаттарын әзірлеу үшін ондаған миллиард жұмсаймыз. Бір-біріне ұқсас нысандардың бағасында айтарлықтай айырмашылық болады. Неге олай? Өйткені, мемлекеттік сатып алу ісінде ашықтық жоқ.

Бұқпантайлап жүріп, қазынаға қол салатындар қаражатты осылай талан-таражға салып жатыр. Тендр ойнатамыз деген желеумен өз үлестерін алып қалуға тырысады. Жоба жасау керек болса, тағы сол бюджетке бүйрек бұра бастайды. Шенділер қымбат көлік мінуге, жөн-жосығы жоқ шараларды өткізуге құмар, әйтеуір. Енді ондайға жол берілмейді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қымбат көлік пен жиһаз сатып алу, түрлі форумдар өткізу шығыстарына ұзақмерзімді мораторий жариялауды ұсынамын. Еліміздегі шаралар нақты тәжірибелік және идеологиялық пайда әкелетіндей болуы тиіс.

Ақша бөледі, оны жұмсайды, бірақ сондағы жасалған жұмыс қайсы? Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласына шүйлікті. Соңғы 5 жылда агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін қазынадан 2,4 трлн теңге бөлінген екен. Сол субсидияны кәдесіне жаратқандар көп емес. Өнім өндіріп жатқан шаруалар саусақпен санарлық.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Экспорттық әлеуетті арттыра алмадық. Тұрғындар жиі тұтынатын тауарлардың тең жартысын сырттан алуға мәжбүрміз. Бұл мәселе біраз уақыттан бері қызу талқыланып келеді. Бірнеше тапсырма берілген. Бірақ соның ешбірі орындалған жоқ.

Өзімізде өндірілген өнім аз. Керектіні шеттен тасимыз. Осыдан соң, баға да шарықтап шыға келеді. Қазір біраз өңірде азық-түлік бағасы қымбаттап кеткен. Орта есеппен 10 пайызға өсіпті. Құнды негізсіз көтергендермен әкім-қаралар күресуі керек. Бұл жиынға барлық аймақ басшысы қатысты. Біразы Президентке есеп берді. Былтыр қандай жұмыс жасағандарын айтты. Елорда әкімі жаңа көпір салынады деді. Қаладағы ескі аурухананың мәселесін шешкенін жеткізді. Бірақ мұнымен шаруа бітпейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Аудан әкімдері қаланы абаттандыру мәселесіне жіті мән беруі керек. Осы бағытта жұмыс істейтін жақсы маман керек. Ондай орынбасарыңыз болмаса, басқа қызметкерді жұмысқа алыңыз. Өйткені, елордаға келген кез келген адам ең бірінші кезекте қаланың көркіне мән береді.

Қалада құрылысы тоқтаған тұрғын үйлер көп. 14 мыңнан аса үлескер өз мәселесін даулап келген. Елорда әкімдігі былтыр 2 жарым мың адамның проблемасын шешіп беріпті. Қалғаны алдағы 3 жылда реттеледі деп сендірді. Ал Алматы облысының әкімі биыл біраз жұртты газбен қамтимыз деп қуантып қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мендегі ақпарат бойынша, өңірдегі 470 елді мекеннің 30 пайызы ғана газбен қамтылған. Көрсеткіш неге төмен?

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

– Бастапқыда елді мекендердің 9-11 пайызы ғана көгілдір отынмен қамтылған еді. Кейін Үкіметтің қолдауымен тозығы жеткен газ құбырларын қайта жүргізуге мүмкіндік алдық. Шамамен 250 шақырымдық желі тартылды. Осының арқасында аймақтағы елді мекендердің 56 пайызы газбен қамтылады. 1 млн 400 мың адам осы игі істің игілігін көреді.

Шығыс Қазақстан облысы Абайдың торқалы тойын тойлауға ден қойса керек. Ел есінде қалатындай етіп өткіземіз деген аймақ басшысы барлық жұмысқа 20 млрд теңге бөлінеді деді. Бірақ Президент шығынды қысқартуды тапсырды.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

– 20 млрд теңге бізде бар. Ол ақшаға абаттандыру жұмыстарын жүргіземіз, үлкен тойдың қарсаңында. Музейді де камтиды. Содан кейін жеке бизнес берген қаржы бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қажеті болса, оны қысқарту керек. Ысырапшылдыққа жол бермеу керек. Той деген тойлау үшін емес қой. Толғау үшін керек бәрімізге.

Президент пәрменімен Семей қаласына еліміздің тарихи орталығы мәртебесі берілді. Сондықтан қомақты ақша той өткізуге емес, қаланың кескін-келбетін жақсартуға жұмсалуы керек. Яки тұрғындардың тұрмысын тіктеуге бағытталуы тиіс. Әйтпесе, біздің елде үй ішінен үй тігетіндер көбейді емес пе? Әсіресе, квазимемлекеттік секторда ақшаны оңды-солды жұмсайтындар көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– «Бәйтерек» холдингіне қарасты 63 ұйым бар. Ол жерде 3 мыңға жуық адам еңбек етеді. Ал «ҚазАгроға» қарасты 3 компания бар. Ондағы қызметкерлердің саны 2 мыңнан асады. Барлық компаниялардың атқаратын міндеті бір. Бірақ бас-басына бөлек ұйым болып құрылған. Мұның қандай қажеті бар?

Айтпақшы, Алматы түбінде болған апаттан зардап шеккендер әлі күнге дейін өтемақы алмапты. Олар шағымдарын Президентке жеткізсе керек.    

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жақында Алматы маңында қайғылы оқиға болды. Әуе апатынан зардап шеккендер арызданып жатыр. Олар Үкімет тарапынан ешқандай көмек көрсетілмеді дейді. Осыған қатысты не айтасыз?

Роман Скляр, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Апаттан қаза тапқандардың отбасына 4 млн теңгеден төленді. Ал зардап шеккендерге өтемақы беру мәселесі қарастырылып жатыр. Үкімет пен жергілікті әкімдік бұл түйткілді бірлесіп шешеді.

Былтыр тағы бір мәселе дауға ұласқан еді. Жергілікті жұмысшылар шетелдік мамандармен бірдей-ақ жұмыс істесе де, табатын табыстары әр түрлі болған. Осындай әділетсіздікке шыдамаған қазақстандық жұмысшылар өре түрегелген. Билік солардың базынасына құлақ асты.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шетелдік және жергілікті жұмыскерлерге жалақы төлеу жөнінде теңсіздікке жол бермеу керек. Бұл анық мәселе. Бірақ осы жұмыстың нәтижесі қандай?

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Қазіргі таңда Қазақстанда екі мыңнан аса кәсіпорында шетелдік мамандар жұмыс жасайды. Ол кәсіпорындардағы қазақстандықтардың үлесі – 96 пайыз. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, Еңбек министрлігі Бас прокуратурамен бірігіп, 96 кәсіпорынды тексерді. Мыңға жуық заң бұзушылық анықталды. Бас прокуратура 550-ге тарта шетел азаматын елдеріне қайтарды.

Әлеуметтік салада түйіні тарқамай жатқан түйіткіл көп. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі әлі де шикі, білікті ұстаздар тапшы, банктерге берешегін қайтара алмай жүргендер тағы бар. Жақында шетелдік нөмірмен жүйткіп жүрген жүргізушілер шу шығарды. Олар өзге елден жеткізілген темір тұлпарлар міндетті түрде тіркелуі керек деген талапқа қарсы болды. Президент солардың мәселесін ескеріп, тағы бір жыл уақыт беруді ұйғарды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл көліктердің тіркелуі 2021 жылдың 1 наурызына дейін күшінде болады. Мұндай көліктер техникалық регламенттің талаптарына сай болуы керек. Сондай-ақ тіркеу сомасы мен мемлекеттік бажды төлеуі тиіс. Уақытша тіркеу бір қолдан екінші қолға сатылып барып, жасалмауы тиіс. 2021 жылдың 1 наурызына дейін автокөлік иелері көліктерін тұрақты тәртіпте тіркеп, кедендік баж бен утилизациялық соманы төлеуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Үкіметке тағы бір маңызды міндет жүктеген. Отандастарымыз зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін баспаналы болуға яки емделуге жұмсай алуы керек деп еді. Жұмыс тобы ақыры бір тоқтамға келе алмаған. Олардың ұсынысы шикі болды. Сөйтіп Мемлекет басшысы бұл мәселені шешу үшін жауаптыларға тағы жарты жыл уақыт берді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Бастапқыда салымшылардың есеп-шотында кемінде 10-11 млн теңге болуы керек деп едік. Қазір осы мәселені қайта қарастырамыз. Әзірге нақты шешім жоқ.

Осылай Үкімет мүшелері Президент жүктеген кейбір тапсырманы орындай алмады. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев жомарттық танытты. Министрлерге уақыт берді. 

Президент ешкімге сөгіс бермеді, бірақ жұмысы ақсап тұрған біраз шендінің барын айтты. Оларға бұл соңғы ескерту болсын деді. Келесіде кешірім болмайды. Тапсырманы дер кезінде орындамағандар сөзсіз осы көктемде қызметтерінен қуылады.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы