Алматы облысында қаңтар айында әлеуметтік маңызы бар үш тауар түрінің бағасы межелік деңгейден асып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тауық жұмыртқасы бірден 12 теңгеге қымбаттаса, сүт 3, ірімшік 1 теңгеге қымбаттаған. Қалған 16 тауардың құны қалыпты. Сауда орындарына мониторинг апта сайын жасалып тұрады. Бағаны шарықтатпау мақсатында тұрақтандыру қорына 11 мың тонна азық-түлік сатып алынған. Өңірде 300-ге жуық әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар жергілікті наубайханаларға арзандатылған бағамен бірінші сұрыпты ұн жеткізу үшін агенттік келісімшарттарға қол қойылды. Соған сәйкес астықтың 1 келісі 90 теңгеден сатып алынған. Соның тең жартысына жуығы бюджеттік қаржы есебінен субсидияланады. Ал аудандарда апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіледі.
Айгүл Ыдырысова, облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:
- Облыста бағаны тұрақтандыру жөніндегі штаб жұмыс істеп тұр. Тұрақтандыру қорын арнайы комиссия қадағалайды. Оның өзіндік ережелері бекітілген. Тауарлардың қандай бағамен саттыққа шығарылатыны сараптама қорытындысына сай белгіленіп отырады.