429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытайлық мамандар қазақстандық дәрігерлердің жұмысына оң баға берді

  • 398
  • UPD: 20:23, 13.04.2020

Шыңжаңнан келген он дәрігер отандық мамандардың сауалдарына жауап беріп, COVID-19-бен күресте жинаған тәжірибелерімен бөлісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бас-аяғы 4 күнде олар бас шаһардағы емдеу мекемелерінің біразын аралап, аймақтағы дәрігерлермен бейнеконференция өткізді. Айтқан ақыл, берген кеңестері қандай?

Коронавируспен күресте қытайлықтар дәстүрлі медицина мен заманауи ем-дом тәсілдерін қатар қолданған. Бес мың жылдық тарихы бар бұл елдің ежелгі медицинасы науқастардың дене қызуын түсіруде тиімді болған. «Біріншіден, ол вирустың алдын алуға көмектессе, екіншіден, жалпы денсаулықты жақсартуға бағытталды», - дейді қытайлық дәрігерлер.

Лу Чэнь, нефролог дәрігер:

Шыңжаң автономиялық аймағында барлығы 76 адам коронавирус жұқтырды. Оның 73-і аурудан айығып шықты. Ал үшеуі көз жұмды. Коронавируспен күресте біз 4 қағидаға негізделдік. Бұл вирусты ерте анықтау, науқасты оқшаулау, емдеу және аурудың алдын алу. Қазақстанда да осындай шаралар жүргізіліп жатқанын көрдік. Мұндай тәсілдер жақсы нәтиже береді деген ойдамыз.

Қытайлық мамандар қазақстандық дәрігерлердің жұмысына оң баға берді. Төрт күнде олар елордадағы медициналық мекемелерді аралап, әріптестерімен кездесіп үлгерген. Сондай-ақ қытайлық мамандар аймақтардағы дәрігерлермен күнделікті бейнеконференция арқылы сөйлесіп, олардың сауалдарына жауап береді. Мысалы, бүгін шетелдік инфекционист ауру белгілері білінбейтін науқастар туралы ақпаратымен бөлісті.

Лу Сяобо, инфекционист дәрігер:

Коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың арасында ауру белгілері білінбейтін жағдайлар көп кездеседі. Бірақ бұл науқастар өте қауіпті. Өйткені олар инфекцияны ең көп тарататын санатқа жатады. Коронавируспен күресте ауруды ерте анықтау маңызды. Ал инфекция таралып кетпеу үшін халық сақтық шараларын ұстанғаны абзал. Қытайдың вируспен күрестегі артықшылығы, билік тарапынан қабылданған шаралар халыққа бірден жеткізілді және халық карантин ережелерін қатаң ұстады.

Қазір Қазақстанда коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің саны екі жүзден асты. Қытайлық мамандар осыны ескере отырып, бұл бағыттағы бақылауды күшейтуге кеңес берді. Сондай-ақ бүгін олар әскери қызметкерлермен инфекциядан сақтану шараларын талқылады. 15 сәуірде қытайлық дәрігерлер Қарағандыға жол тартады. Ал сәуірдің жиырмасында Алматылық ақ халаттылармен кездесу жоспарланған.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Жандос Сұлтанғазы

Хабар 24 телеарнасы