418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО орталығында орналасқан Махамбет ауылының проблемасы көп

  • 230
  • UPD: 21:38, 08.06.2020

Оралға тиіп тұрған Махамбет дейтін ауыл бар. Облыс орталығының дәл іргесінде орналасса да проблемасы шаш-етектен. Ауылда ауыз су тапшы. Мал суғаратын жер жоқ. Жайылымдар да жекенің қолында кеткен.

Тіпті балалардың ойын алаңын салуға қаралған қаржының сайда саны, құмда ізі қалмаған. Ашынған тұрғындар құзырлы органдарға жағалай хат жолдап, әділдік іздеп отыр.

Бәйтерек ауданына қарасты Махамбет ауылында 2 мыңдай адам бар. Оралдың іргесінде орналасқандықтан халық саны ұдайы өсіп келеді. Тұрғындардың басым бөлігі қалаға қатынап еңбек етсе, енді бір бөлігі мал өсіріп, сүт өнімдерін сатып күн көреді. Алайда кейінгі кезде бұл кәсіптен де сән кеткен сыңайлы. Себебі жайылым жоқ. Соңғы қалған 250 гектар жер осыдан үш жыл бұрын шаруа қожалықтарының біріне беріліпті.

Айтжан Сатаев, ауыл тұрғыны:

- Бізде жоқ дегенде 20 шақырым жүреді. Бағатын жер болмағасын қаланың саяжайларына айдап жүр ғой бақташы. Сол негізі. Малды көбірек ұстайық десек ұстай алмай жатырмыз, жайылыс болмағасын, суаратын жер болмағасын. 

Тілек Есенгелдиев, бақташы:

- Көп жыл болды мал бағам. Бірақ қазір күй кетті. Малды ауылдан қалаға айдаймыз. Кешке ертерек айдап келеміз. Суаратын жер жоқ. Таңмен су ішкеннен кешке дейін су ішпейді. Су ішпегесін мал аш болады. Аш малдан сүт шыға ма? 

Құрғақшылыққа байланысты биыл ауыл маңындағы көбіктерге су түспеген. Техникалық су болмағасын, түрлі қажеттілікке ауыз су жұмсалады. Соның салдарынан құбырдың қысымы түсіп кеткен. Келесі өзекті мәселе осы Махамбет ауылдық округіне қарасты елді мекендерге көгілдір отын жетпеуі. Спорт нысаны қажеттілігі тағы бар. Тіпті 2017 жылы құрылысы басталған балалардың ойын алаңы да аяқсыз қалған. 

Нұрболат Ғұсманов, Махамбет ауылының тұрғыны:

- Алаңға 1 млн 270 мың бөлінді. Бірақ мердігер келіп жартысын, тіпті жартысы емес, 20-30% жасап, «горка», «песок» алып келді. Сосын мындай екі турник жасады. Сол кеткен ақша қайда? Ешқандай нәтиже жоқ.  Ауыл кәсіпкерлері көбісі ақшасын берген, қосты. Бірақ олар айтқысы келмейді. 

Ауылдың түйінді мәселелері тым көбейіп кеткендіктен, тұрғындар жоғарыға жағалай хат жолдап, жанайқайын жеткізіпті. 

Нұрдәулет Сәмет,  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Жалпы көтерілген мәселе өте өзекті. Ең бастысы жердің дұрыс бөлінбеуі туралы шағымдарын  айтты. Сонымен қатар балалардың ойын алаңының аяғына дейін салынбауы туралы шағым айтты. Біз осы мәселе бойынша егер ауыл тұрғындары жазбаша түрде бізке келіп арызданса, тиісті шешім қабылданатын болады. 

Аудан басшылығы аталған мәселелердің таяу уақытта оң шешілетінін айтады. Павлов ауылына газ тартуға да, Махамбетке су құбырын кіргізуге де жоба әзір екен. Алғашқысының құны  63 млн болса, соңғысына 365 млн теңге керек көрінеді. 

Мұрат Залмұқанов, Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары:

- Келесі жылы осы жобаны орындауға кіргізейін деп отырмыз. Енді үшінші сұрақ  жаңа жайылым деп көтеріліп жатыр. Шканов 6 жылға ма, ауыл қасында жайылым жерді алған ғой. Ол аудан әкімінің бақылауында тұр. Шкановты шақырып алып, ол айтып жатыр. Мен ол жерді босатам, басқа жерден жер берсеңіз деп. Қазір конкурс қой, басқа жерден жер қарап жатыр оған. 

Тұрғындардың арыз-шағымын естіген «Ақжайық адалдық алаңы» ауылға алғашқы болып жетті. Осы өзекті жайттарды жобалық кеңсе алдағы уақытта өз бақылауында ұстамақ.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы