418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысының Қаражар ауылына ауыз су жетті

  • 159
  • UPD: 23:25, 03.07.2020

Бұл елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі бұрын-соңды болмаған, деп хабарлайды «Хабар 24»

Жергілікті жұрт тіршілік нәрін басқа жақтан тасып ішкен. Енді бұл қиыншылықтар артта қалды. Халықтың қуанышына әріптесім Аслан Қаженов куә болып қайтты.

Балтиновтар шаңырағы – Қаражар ауылындағы үлкен отбасылардың бірі. Сарқырап су келгелі қаладағыдай берекеміз кіріп қалды дейді ақсақалы. Өйткені бұған дейін суды ауылдың сыртындағы құдықтан тасып ішкен. Ал қазір осы машақаттан арылғандарын айтады.

Қазақстан Балтинов, жергілікті тұрғын:

– Су таситын көлік 3-4 жыл жеткізіп берді. Енді су келді. Қазір үйіме кіргізіп алдым.

Бұл  –  қаражарлықтар үшін үлкен қуаныш. Себебі елді мекен негізі қаланғалы үй-үйге су тартылып көрмеген. Қазір бұнда 800-ге жуық шаңырақ бар және жылдан-жылға ауыл аумағы ұлғайып келеді. Осыны ескерген мамандар су жүйесінің қуаттылығын 1200-ден аса үйге есеп жасаған.

Саят Каханов, Қараөткел ауылдық округының әкімі:

– Бұл жоба 2018 жылдың аяғында басталған. Биыл аяқталып, жаңа өзіңіз көрдіңіз, келісімшартқа отырып, бізде «Целиноград су арнасы» деген мекеме бар. Сол мекеме өз балансына алып, халықпен келісімшарт жасасып, есептегіш құралын беріп жатыр.

Қараөткел ауылдық округінде Қаражардан бөлек, Қараөткел мен Жаңажол елдімекендері де бар. Алғашқылары ауыз сумен толық қамтылды. Ал Жаңажолда қазір осы бағыттағы құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Яғни, жақын болашақта мұндағы жұрт та толықтай таза тіршілік нәрінің игілігін көре алады деген сөз.

Авторлары: Аслан Қаженов, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы