423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда қоқыс өңдейтін кәсіпорын ашылды

  • 181
  • UPD: 09:37, 10.07.2020

Қоқыстан жасалған қоқыс жәшіктері және азбас-тозбас сәкілер. Елордада қатты қалдықтарды қайта өңдейтін шағын кәсіпорын ашылды.

Күн көзінде тозбайды. Жел өтінде кеппейді. Отқа салса күймейді. Сындыруға тырыссаңыз да сынбайды, болаттай берік.

Бақыт Топтаева, тілші:

Таң қаларлығы, ол ағаштан да, темірден де жасалған жоқ. Бұл қоқыстан жасалған қарапайым, экологиялық сәкі ... және зілдей ауыр өзі.

Ерлан Мәмбетов, кәсіпорын бөлімінің басшысы:

- Бұны шығару барысында біз қолданылған полимер, мынадай (қолға алып көрсетеді) және де полиэтилен, мынау көріп тұрғаныңыздай (оны да алып шығарады) қолданылған. Мынадай полимер мен полиэтиленді қолданып және құммен араластырып (үйілген құмның кадрлары) өнім шығарамыз. Полимерді алдымен біз ұнтақтаймыз. Ұнтақтаған кезде (қаптап үгіндіні алып шығарып көрсетеді) мынадай ұсақ ұнтақ пайда болады. 

Құммен араластырғаннан кейін бұл ұнтақ полиэтиленмен бірге қызып тұрған пешке салынады. Шикізат пеште балқытылғаннан кейін көмір түстес қоймалжың материалға айналады. Бұдан кейін қамыр сияқты шикізат арнайы қалыпқа салынады. Пішінін келтірген соң, жартылай дайын  материал 24 сағат бойы суытылады. Әбден суып, қатқан тақтайшалар қолмен өңделеді.

Осылайша әбден сүргіленген бөлшектер қатталып, қоймаға жіберіледі. Экологиялық сәкі, қоқыс жәшіктерін жинауға қажет жабдықтар сонымен дайын. Бұдан кейін тек тапсырыс берушінің қалауына қарай кез-келген мүсіндегі жәшіктер мен сәкіні жинауға болады. Қазір өндірісте 4 адам еңбек етуде. Айта кетерлігі, елде пандемияның салдарынан кәсіпорындар жабылып жатқан кезде, шағын кәсіп енді ғана ашылыпты.

Ерлан Мәмбетов, кәсіпорын бөлімінің басшысы:

- Әрине біраз кедергілер бар. Оның жасыратыны жоқ. Көп адамдар қашықтықта жұмыс жасағаннан кейін мына тауар өзі жаңа болғаннан кейін нарыққа енді кіріп жатқаннан кейін оны ұстау керек, көру керек, сенім артуы керек. Алшақтап, қашықтық ұстап жүрміз ғой бәріміз, сол себепті біраз қиыншылықтар бар.

Індет жайылған тұста елде талай адамның табысынан айырылғаны мәлім. Екі қолға күрек таппай, біраз қиналған Илья осы жерге жұмысқа тұрғанына шүкіршілік етеді. 

Илья Харин, жұмысшы:

- Жұмысқа тұрғаныма көп бола қойған жоқ. 2 апта ғана. Бәрін тез игеріп алдым. Қазір жұмыс табу қиын. Өйткені, кәсіпорындар жабылып қалды.

Пластик пен полиэтиленді осылай кәдеге жаратуға болатынын естіген жұрт, осында келіп қалдық қоқыстарын өткізуге ниет білдіруде. Кәсібіміз өрге жүзсе, алдағы уақытта шикізатты қабылдау пунктін ашуға болады дейді, тың істі қолға алғандар.

Хабар 24 телеарнасы