420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістанда өзгенің өмірі үшін басын қатерге тіккендер марапатталды

  • 200
  • UPD: 10:27, 31.10.2020

Түркістанда өзгенің өмірі үшін басын қатерге тіккен қос азамат марапатталды. Оның бірі тереңдігі 6 метр болатын каналға құлап кеткен бүлдіршінді ажалдан арашалап қалса, екіншісі өртеніп жатқан көлікті сөндіріп, ішіндегі адамын сыртқа шығаруға көмектесткен. Бір қызығы, екі азамат та сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірдегі департаментінде еңбек етеді.

Марат Рахатұлы 2018 жылдың наурыз айында Жетісай қаласы маңында Достық каналына құлап кеткен 5 жасар баланы құтқарып қалған. Ойын баласы абайсызда тереңдігі 6 метр болатын өзенге түсіп кеткен. Сол маңда жүрген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының офицері көмек сұрап, жылаған балалардың дауысын ести сала бірден суға секірген.

Марат Оразов, Түркістан облысының тұрғыны:

- Судың ортасына жүзіп барып, баланың жейдесінен көтеріп алғанда тіршілік нышаны жоқ еді балада. Көзі ашық, судың салқындығынан көзі жап-жасыл болып кеткен. Кішкентай сәби ғой енді, мәйітін болса да алып шығайын деп, артқа қарай талпынып, алып шықтым. Жүзіп шыққанда шлюзге жеті метрдей ғана қалды. Ол екеуімізді де жұтып қоятын еді. Біріншіден, бір Алла қолдады.

Өз басын қатерге тіге отырып, өзгенің өміріне арашашы болған азаматтың бірі Қанат Мәлікбайұлы. Ол жанып жатқан көліктің ішіндегі адамды сыртқа шығарып, өрт сөндірушілерді шақырған. Өзі де отқа оранған көлікті сөндіруге көмектескен. Оның да ерлігі ескерусіз қалмады. Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» медалімен марапатталды.

Нұрғали Жүнісов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

- Біз бұл жұмысты ары қарай да жалғастырамыз. Төтенше жағдай кезінде ерлік көрсеткен азаматтарды министрлікке ұсынып, олардың еңбектерін ескеру үшін ұсыныс хат жолдаймыз. Ол азаматтардың белсенділігін арттырып, осындай азаматтардың үлгі етеді деп ойлаймын.  

Ерлік ескірмейді. Әсіресе бейбіт күннің батырларының жанкештілігі жас ұрпақты отансүйгіштікке баулып, адамгершілікке тәрбиелеуде таптырмас құрал, ұмытылмас үлгі. Оған еңбегі еленіп, құрметке бөленіп жатқан бүгінгі қос азаматтың ерлігі дәлел.

Авторлар: Жандос Жұмабек, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы