Елордада ойын клубында түнгі уақытта кәмелетке толмаған алты бала болған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Нұр-Сұлтан қаласы ПД Сарыарқа ауданы ПБ ювеналдық полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік іс-шаралар өткізу барысында Есенберлин көшесінің бойындағы ойын клубын тексерген кезде 14-17 жас аралығындағы алты жасөспірімді анықтады.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектерсіз ойын-сауық мекемелерінде жүргені үшін жасөспірімдердің заңды өкілдеріне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 1-бөлігі (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Ойын клубының әкімшісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 132-бабы (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол беру) бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Жыл басынан бері қаланың компьютер клубтары 100-ден астам осындай құқық бұзушылыққа жол берген. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.