360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақ жастары тер төкпестен, баюға неге құмар?

  • 643
  • UPD: 11:10, 25.09.2018
Қазақ жастары тер төкпестен, баюға неге құмар?

«Тіл ықылассыз істі емес, періште көңілді ұнатады». «Егемен Қазақстан» қалың оқырманға ұсынған мақала осылай аталады.

Жалпы қазір қазақ тіліне қатысты сұрақ көп. Ал автор өз мақаласына жалпыхалықтық диктантты өзек етіп алыпты. Биыл оған 300 мыңнан астам адам қатысқан.

«Келгендер диктантты бір сағаттың айналасында жазып шықты. Алайда осы сын сағатына қатысушылардың барлығы бірдей тіл маманы немесе қалам ұстап жүрген адамдар емес қой, тіпті біразы өзге ұлттың өкілдері, орыс тілінде білім алған жандар. Диктантты оқығанда «ң» әріпі дұрыс айтылмады. Оның өн бойында осы әріппен аяқталатын сөздер «Астананын, Ақмоланын, жылдын» деп оқылды. Сонымен қатар сөздердің анық дыбысталмауы да жиіледі.

 

«Егемен Қазақстан». Ұлттық рухтың ұстыны

«Ұлттық рухтың ұстыны». Осындай атаумен еліміздің бас басылымында қазақтың батыр ұлы – Қасым Қайсеновке арналған естелік мақала жарық көрді. Биыл халық қаһарманы, майдангер қаламгердің туғанына 100 жыл толып отыр. Естелік авторы ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл «жазушының жан дүниесін тек қанды қырғынды өз көзіммен көрген соң түсіндім», – дейді. Сондықтан мақалада оның батырмен жүздескен сәттері баяндалады. Сондай-ақ материалда Қасым Қайсенов пен Бауыржан Момышұлы арасындағы қарым-қатынас та суреттеледі.

«Жиындардың бірінде айналасындағылар Қасым Қайсеновтен: «Сенің батырлығың Баукеңе қарағанда қандай?» деп, сұрағанда, ол Бауыржанның ақын, батыр, кавалерист, артиллерист, ұлы қолбасшы, жазушы, ойшыл, дана екенін тізіп, оның әрбір басқан қадамы, ал өмірінің әрбір минут-секундына дейін батырлық үлгісі болып табылатынын айта келе: «Осы отырғандар бәрі бірігіп іздесе де, менің бойымнан осынша қасиетті таба алар ма екен?!» деп тамсанған. Өз кезегінде Бауыржан Қасым туралы: «Жауым менің алдымда, ал Қасымның жан-жағында болды!», – дейді.

 

«Қазақстан заман». Жастарымыз тер төкпестен, баюға неге құмар?

 

Өткен аптада Қоғамдық даму министрі еліміздегі ештеңеге ниеті жоқ жастардың саны 300 мыңнан асатынын мәлімдеген болатын. Сала жетекшісінің сөздері қазақ басылымдарында осы тақырыпқа арналған біраз мақаланың жазылуына түрткі болды. Халықаралық «Қазақстан Заман» газеті де жастар мәселесіне көлемді дүние арнапты. «Жастарымыз тер төкпестен, баюға неге құмар?» деп аталады. Автор алдымен сандарды сөйлетеді. Мәселен, елімізде өткен жылы әлеуметтік сала бағытында 1551 жас даярлықтан өткен екен. Ал 2 миллионға жуық жас маман өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді екен. Осы деректерді алға тарта отырып, автор жұмыссыздық жастар арасындағы қылмыстың өршуіне тікелей әсер етеді деген қорытындыға келеді.

«2016-2017 жылдары және ағымдағы жылдың екі айында 18-29 жастағылар тарапынан 2981 қылмыс тіркелген. Соның 2051-сі орташа, ауыр және аса ауыр. Әсіресе, Атырау қаласында, Жылыой мен Индер аудандарында ауыр қылмыстар қатары өскен. Соның ішінде кәмелет жасқа толмағандар 286 қылмысқа жол берген. Жаға ұстатар көрсеткіш өткен 2016 жылмен салыстырғанда, облыс орталығында 23-ке, Жылыойда бесеуге артқан»

 

«Айқын». Несиемен күн көріп жүрміз…

«Айқын» газеті арқылы қалың оқырманға жол тартқан өзекті мақала осылай аталады. Елімізде банкке берешегі жоқ адам сирек кездеседі. Автор өз материалын осылай бастайды. «Той жасасақ та, несие аламыз. Көлік алсақ та сол. Тіпті кредитпен киінеміз. Қолымыздағы ұялы телефонымыз үшін де банкке ай сайын ақша төлейміз». Бұл – көпшіліктің көкейінде жүрген мәселені дөп басқан мақаладан үзінді. 

«Енді мына қызыққа қараңыз. Қазақстанда 2018 жылдың шілде айында жеке тұлғаларға берілетін қарыздар бойынша жиынтық несиелік берешек 5,73 трлн теңгеге жеткен екен. Бұл туралы Бірінші несие бюросының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Әсем Нұрғалиева мәлімдеген еді. Әңгімелесуші бұл соманың маусым айымен салыстырғанда, 1,8 пайызға және жылдың басымен салыстырғанда, 9,2 пайызға артқанын айтады. Ағымдағы кезеңде қолданыстағы кредиттік келісімшарттардың саны 10,4 миллионнан асып жығылады екен»

Мақалада бірнеше азаматтың пікірі берілген. Олар несиенің негізгі үш себебін атайды. Олар – әлеуметтік жағдай, қаржылық сауаттылық және біз басында айтып кеткен той. Статистикаға жүгіне отырып, автор тағы бірнеше қызықты деректерді ұсынады.

Мәселен, Қазақстанда жыл басынан бері шамамен 5 миллионға жуық адамның несие төлейтін мерзімі кешіктірілмепті.

Хабар 24 телеарнасы