386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Н.Назарбаев Мемлекеттік күзет қызметінінің 25 жылдығына арналған концертке қатысты

  • 629
  • UPD: 20:49, 21.04.2017

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін құрылған Мемлекеттік күзет қызметіне биыл 25 жыл. Айтулы күнге орай бүгін Президент оркестрі мерекелік концерт қойды. Патриоттық сарындағы әндер шырқалды. Шараға Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Мерекелік кеште егемендік жылдарында еліміз жеткен жетістіктер паш етілді. Мәселен, Елбасының «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын өнерпаздар музыка арқылы жеткізді. Әрине, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін бұл арнаулы мемлекеттік органның орны ерекше.

Тарихқа сәл шегініс жасасақ, 1992 жылы 16 наурызда Мемлекет басшысының жарлығымен Республикалық ұлан құрылған болатын. 2014 жылы Президенттің күзет қызметі мен Республикалық ұланның бірігуі негізінде Мемлекеттік күзет қызметі жасақталды. Сол жылдың 1 желтоқсанында Елбасы Мемлекеттік күзет қызметінің Туы мен «Айбын» және «Батыр» президенттік полктерінің жауынгерлік шарттарын табыстаған болатын. Бұл орган Мемлекет басшысының ғана емес, күзетілетін адамдар мен нысандардың елімізге келетін жоғары лауазым иелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан мұнда қатаң іріктеуден өткен өз ісінің нағыз мамандары ғана жұмыс істейді. Содан болар, аз ғана уақыттың ішінде шет мемлекеттердің осы тектес ведомстволары арасында халықаралық деңгейде мойындалды. Арнаулы жасақ өз өкілеттігі шегінде терроризмге қарсы іс-қимылды да жүзеге асырады.

 

Хабар 24 телеарнасы