369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Президент ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді

  • 204
  • UPD: 08:27, 09.11.2018

Елбасы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.

Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі аясында өткен кездесулердің достық әрі сындарлы сипатын атап өтті.

– Біз мемлекеттеріміздің қауіпсіздікті нығайту жолындағы өзара іс-қимылының барлық дерлік мәселелерін қарастырдық. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымын дамытудың негізгі бағыттары, сондай-ақ халықаралық және өңірлік саясаттың өзекті проблемалары жөнінде сындарлы пікір алмастық. Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына төрағалық етуіне орай белгіленген басымдықтардың орындалуын қорытындыладық, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттер тарапынан Қазақстанның осы халықаралық ұйымға төрағалық етуі кезінде атқарған жұмыстарына жоғары баға берілгенін айтты.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті бүгін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіруге бағытталған маңызды шешімдердің қабылданғаны жөнінде айтты.

– Бірлестіктің алдағы кезеңге арналған міндеттері мен жоспарын қамтитын Қорытынды декларация Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Астанадағы саммитінің негізгі саяси құжатына айналды. «Халықаралық террористік ұйымдар жағында қарулы қақтығыстарға қатысқан адамдарға қатысты  үйлестірілген шаралар туралы» мәлімдеме қабылданды. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының серіктесі және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы жанындағы бақылаушы мәртебелерін құқықтық ресімдеу жөніндегі біздің беларусьтік әріптестеріміз бастаған жұмысты аяқтадық. Тиісті құжаттарға қол қойылды, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бүгінгі сессия қорытындысы бойынша Заңсыз миграцияға қарсы тұру жүйесін дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспары және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің мүддесі үшін үйлестірілген ақпараттық саясатты дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің соңында БАҚ өкілдеріне келесі сессияаралық кезеңде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына Қырғыз Республикасы төрағалық ететінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасы Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына жоғары деңгейде төрағалық етіп, осы ұйымның одан әрі жан-жақты дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді.

Ақпарат көзі: akorda.kz

Осы категория бойынша: « Елбасы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты Мемлекет басшысы Петропавлға барды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы