386,44 428,48 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Асқар Мамин Қостанайдағы трактор зауытының ашылу салтанатына қатысты

  • 173
  • UPD: 20:36, 23.10.2019

Қостанайда қуатты «Кировец» тракторларын шығаратын зауыт іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Өндірістің ашылу салтанатына премьер-министр Асқар Мамин қатысты. Жаңа өндіріс орны жылына алып техниканың 500-ін құрастырады. Үкімет басшысы Қостанайға жұмыс сапары барысында өзге де кәсіпорындарды аралады.

Жаңа зауыт индустриалды аймақта бой көтерді. Экономикалық қажеттіліктен туындаған тың жобаның аграрлық аймақ үшін маңызы зор. Болашақта «Кировецтің» кейбір бөлшектерін осы кәсіпорын аясында жасау жоспарда бар. Петербург трактор зауытымен екі жақты осындай келісімге қол қойылды.

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:

– Қазақстан жоғары технологиялы ауылшаруашылық техникаларын шығаруды мақсат етіп отыр. Бүгін біз Қостанайда атақты «Кировец» тракторы өндірісін іске қостық. Бұл зауыт еліміздің ауыл шараушылығын сапалы да сенімді техникамен қамтамасыз етеді. Жаңа жоба машина жасау саласын дамыту стратегиясына толық жауап береді. Және оған Үкімет тарапынан барынша қолдау көрсетіледі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жыл сайын елімізде 1600-дей тракторға сұраныс бар. Қостанайлық зауыт соның үштен бірін өтей алады. Өндірістік желіден шыққан алғашқы тракторлардың бірін премьер-министрдің өзі сынап көрді.

Николай Зубарев, Қостанай трактор зауытының директоры:

– Толық қуатына көшкенде жылына 500-дей трактор шығаратын боламыз. 500 жұмыс орны ашылады. Қосымша тартылатындарды есептесек, барлығы 700-ге жуық адам еңбекпен қамтылады. Өндірістің қазақстандық үлесін 50 процентке жеткіземіз.

Тобыл өңіріндегі елімізде теңдесі жоқ тағы бір өндіріс орны – тұрғын үй құрылыс комбинаты. Бес жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен салынған кәсіпорын бетон бұйымдарын шығарады. Мұнда өндірілетін дайын панельді қабырғалар құрылысқа жеңіл. Тіпті есік, терезесін де түгендеп береді. Осы аралықта комбинат күшімен өңірде 35 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызылған.

Владимир Анненко, тұрғын үй құрылысы комбинатының директоры:

– Зауыт «Нұрлы жер» бағдарламасына белсенді түрде қатысады. «Әуежай» шағын ауданында бүтін бір тұрғын үй кешенін салып шықтық. Келер жылы «Қонай», «Береке» шағын аудандарында 16,12 қабатты үйлердің құрылысын бастаймыз деп отырмыз.

Қостанайдағы жеңіл өнеркәсіптің жайы да Үкімет басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Сексен жылдық тарихы бар «Большевичка» тігін фабрикасы бүгінде әскерилердің, күш құрылымдарының, жекелеген кәсіпорындардың тапсырысын орындайды. Алдағы уақытта өндірісті кеңейте түспек ойлары бар. Осы ретте Үкімет басшысы фабриканы жаңғырту жұмыстарына қолдау көрсететіндігін айтты.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы