386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЕО Ливия шекарасына бақылауды күшейтпек

  • 608
  • UPD: 17:30, 16.05.2017

Еуроодақ Ливияның оңтүстік шекарасын өз бақылауына алады.

Себебі бұл ел арқылы Кәрі құрлыққа заңсыз өтіп жатқандар көбейіп кеткен. Брюссельде Еуроодаққа мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің қатысуымен өткен кеңесте осы мәселе талқыланды.

Еуроодақ сыртқы қорғаныс пен қауіпсіздік мәселесін жіті қадағалауына алды. Ендігі жерде шығыстағы әріптесі саналатын Әзербайжан, Армения, Грузия, Беларусь, Молдова, Украина сияқты мемлекеттермен қатар Африка елдерімен де өзара қарым-қатынасын арттыра түсуді көздейді.

Фредерика Могерини, Еуропалық Одақтың жоғарғы өкілі:

– Біз Африкаға деген көзқарасымызды өзгертуге тиіспіз. Біз тек көмек берумен шектеліп келеміз. Енді барлық салада толыққанды, шынайы әріптестік орнатуымыз керек. Климаттың өзгеруінен бастап, қауіпсіздік, экономикалық даму, миграция, гуманитарлық көмек беру мәселелерін бірге қарайтын боламыз. Яғни Еуропа мен Афиканың арасындағы іскерлік байланыс артады деген сөз.

Еуроодақтың әскери штабы жанынан ұрыссыз операция жүргізе алатын жоспарлау және басқару орталығын құру туралы ұсыныс болған. Бұл наурыз айынан бері көтеріліп келеді. Бірақ әлі шешімін таба қойған жоқ. Сарапшылар мұны Ұлыбританияның Еуроодақ қауымдастығынан шығып кетуімен байланыстырады.

Борис Джонсон, Ұлыбритания сыртқы істер министрі:

– Еуропалық елдер үшін қорғанысты күшейту қажеттігі өте маңызды екенін жақсы түсінеміз. Осыған байланысты еуропалық мемлекеттер осы мақсатқа ішкі жалпы өнімнің 2 пайызына дейін жұмсаса деген тілегіміз бар. Мәселе осылай шешілсе, Ұлыбритания олардың жолына тұрмас та еді.

Көші-қон дағдарысы. Бұл да түйіні толық шешілмеген күрделі мәселе. Жыл басынан бері тек Италияның өзіне теңіз арқылы 45 мың адам келген. Өткен жылмен салыстырғанда, бұл 40 пайызға артық. Сондықтан Ливияның оңтүстік шекарасына бақылауды күшейту қажет. Себебі заңсыз өтетіндердің басым бөлігі дәл сол аралықты таңдайды. Осы қорғаныс саясаты жөніндегі құжатты Еуроодаққа мүше елдер мамырдың 18 күні қабылдайды.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы