385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Барселонадағы лаңкестік оқиғадан кейін Ұлыбританияда қауіпсіздік шаралары күшейтілді

  • 447
  • UPD: 18:52, 19.08.2017

14 адамның өмірін қиған және жүздеген жанды жарақаттаған Барселонадағы лаңкестік оқиғадан кейін Ұлыбританияда қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Биыл Тұманды Альбион лаңкестердің нысанасына бірнеше рет ілінгені белгілі және билік басындағылар оқиғаның қайталануынан қауіптеніп отыр.

Испаниядағы қайғылы оқиғадан кейін Біріккен Корольдік билігі қырағылықты күшейтті. Полиция мен арнайы қызметтегілер жаңа терактілердің алдын алып, оларды болдырмау үшін тәулік бойы жұмыс істеп келеді. Әсіресе бұқара халық көп шоғырланған, яғни соңғы айларда лаңкестердің шабуылына көп іліккен көпірлер мен туристер көп жүретін жерлер басты назарда. Қазір жағдай «күрделі» деп бағаланып отыр. Жергілікті тұрғындар өз өмірлеріне алаңдаулы. Лондонда бұрынғыдай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман жоқ екенін олар мойындайды.

Лондон тұрғыны:

Мен Лондонның тұрғынымын. Мұнда 57 жыл бұрын дүниеге келдім. Бұл менің елім. Бұрын-соңды мұндай болған емес. Қазір кез келген оқиға, кез келген жерде орын алуы мүмкін. Өзімді қауіпсіз жерде жүрмін деп есептемеймін.

Лондон тұрғыны:

– Әсіресе Лондон орталығы қауіпті. Келесі бұрышта не болатынын болжай алмайсың. Меніңше, егер лаңкестердің мемлекетке немесе үкіметке деген наразылықтары болса, адам өлтірудің орнына келіссөз жасауы тиіс.

Испания мен Ұлыбританиядағы лаңкестік ұқсас. Екі мемлекетте де содырлар көлікпен адамды жаншып тастауға ұмтылды. Биыл наурызда Лондонда фургон Вестминстер көпіріндегі адамдарға тарпа бас салса, маусымда шағын автобустан шыққан пышақпен қаруланған үш адам жүргіншілеріне шабуыл жасаған. Құрбандардың жалпы саны – 8. Тура екі аптадан соң жүк көлігі намаз оқып болып, үйіне қайтқан халықты баспақ болған. Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Испаниядағы соңғы оқиғаларға өз пікірін білдіріп, терроризммен бірлесіп күресуге шақырды.

Тереза Мэй, Ұлыбритания премьер-министрі:

Егер терроризм қаупімен күрескіміз келсе, бірге әрекет етуіміз керек. Сондай-ақ экстремистік идеологияға да орын жоқ. Ғаламторда теріс ағым туралы ақпаратқа жол бермеу керек.

Қазір премьер-министр мен қалалық әкімшілік ғимаратындағы Испания мен Ұлыбритания тулары төмен түсірілді. Тәртіп сақшылары Испанияда демалған британиялықтарды әуежайдан күтіп алып, түсініктеме алып жатыр.

Лаңкестік әрекеттердің құрбанына көбіне шетелдік туристер айналып жатыр. Бірақ соңғылары бұған назар аудара бермейтін сияқты. Керісінше олардың саны жыл санап артып келеді. «Бұған жергілікті валюта бағамының құлдырауы себеп», дейді мамандар. Өткен жылдың маусымында «Брексит» бойынша өткізілген референдумнан кейін фунт стерлингтің еуроға шаққандағы бағамы 16%-ға, ал долларға шаққандағысы 23%-ға төмендеген.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы