378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Францияда «сары жейделілердің» ереуілінен 180 млн еуро шығын келген

  • 141
  • UPD: 20:29, 28.04.2019

Францияда «сары жейделілер» тағы шеруге шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осымен жиырма төртінші рет өткен акцияға 23 мың адам ғана қатысқан. Бұл соңғы уақытта тұрғындардың «сары жейделілерді» қолдауы төмендегенін байқатады. Ел арасында жүргізілген сауалнама осыны көрсетті. Себебі адамдар тәртіпсіздіктер мен зорлық-зомбылықтан шаршаған. Дегенмен билік қозғалыс қайта күшейіп, елде тағы ірі шерулер өтуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Францияда «сары жейделілер» шеруінің жалғасып келе жатқанына жарты жыл болды. Бірақ қазір толқулардың жанармай салығының өсуіне қарсы наразылықтан басталғаны ұмытылған. Енді күнделікті ақпардан тек қақтығыстар, ойрандалған дүкендер мен жанған көліктер туралы мәліметтерді кездестіресіз. Ал зерттеулерге қарағанда, ел арасында сары жейделілерге наразылық күшейген. Оларды тұрғындардың 60 пайызы қолдамайтынын айтып отыр. Себебі сенбі, жексенбі сайын ұйымдастырылатын шарадан адамдар көп зардап шегеді. Осы уақытқа дейін билікке 4 мыңға жуық компания мен кәсіпкер шағымданған. Елге 180 миллион еуро шығын келді.

БЛИЦ:

– Меніңше, «сары жейделілерге» наразы адамдардың саны 60 пайыздан көп. Бастапқыда олардың талабы дұрыс еді. Бірақ шерушілер арасындағы бұзақылардың ісі кері әсер еткендей. 

– Меніңше, жолдағының барлығын талқандау шектен шыққандық. Бірақ шеру өтіп жатса, оны қолдаушылар бар деген сөз ғой. Тек тәртіпсіздіктер болмаса екен. 

Тек кейінгі бір ай ішінде «сары жейделілердің» бұзақылығынан 2 мыңға жуық полицей зардап шеккен. Билік бұл қозғалыс зорлық-зомбылыққа жол беріп, мемлекеттің тұтастығын шайқалтып отыр дейді.

Кристоф Кастанер, Франция ішкі істер министрі:

– Олардың мақсаты – наурыздың 16-сы күнгі ойрандауды қайталау. Сары жейделілер енді «Париж – тәртіпсіздіктер астанасы» деген атаумен шеру өткізуді көздеп отыр. Біз оларды тоқтату үшін барлық шараларды қолға аламыз.

Жарты жылға созылған шерулер француз экономикасын әлсіретіп, саяхатшылар саны азайған. Халық та шаршады. Бірақ «сары жейделілер» шеруді тоқтатар түрі көрінбейді. Олар мамырдың 1-і күні де ірі наразылық акциясын өткізуді жоспарлап қойған.

Авторлары: Алия Сыздыкова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы