389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ пен Еуроодақ арасындағы сауда соғысы жаһандық экономикаға қалай әсер етпек?

  • 187
  • UPD: 21:26, 04.10.2019

Шотланд вискиі, француз шарабы мен неміс кофесі және Британия жүні секілді бірқатар тауарға Ақ үй жаңа баж салығын енгізбек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған қоса, Еуропадан жасалған ұшақтарға да салынатын салық көлемі артады. Сөйтіп, АҚШ пен Еуроодақ арасындағы сауда соғысы тағы ширығатын түрі бар. Қос құрлықтағы алпауыттардың өзара текетіресі енді жаһандық экономикаға қалай әсер етпек?

Дүниежүзілік сауда ұймының шешімі бойынша Еуроодақ Airbus әуе компаниясына заңсыз қаржылай демеу көрсеткен. Бұны негізге алып, АҚШ Еуроодақ елдеріне баж салығын салып отыр.

АҚШ Еуроодақ елдерінен жеткізілетін көптеген өнім түрлеріне кедендік баж салығын 25%-ке, ал Airbus әуе компаниясының ұшақтарына салықты 10%-ке ұлғайтатын болды.

Өнім түрлерінің ішінде Франция, Германия, Ұлыбритания, Брюссель, Испания мен Шотландиядан жылдық құны 7,5 млрд доллар болатын шарап, виски, ірімшік, ет, май сияқты тауарлар бар. Жаңа тариф қазан айының 18-інен бастап күшіне енеді.

АҚШ бірқатар еуропалық тауарға жаңа баж салығын енгізеді. Бұл туралы Ақ үй басшысы Дональд Трамп өзінің Twitter-дегі парақшасында хабарлады. Онда Трамп Дүниежүзілік сауда ұйымының шешімін «Airbus компаниясына қатысты ең әділ шешім» дейді.

Айта кетейік, Дүниежүзілік сауда ұйымында Airbus компаниясының төңірегіндегі дау 15 жылдан бері жалғасып келеді. АҚШ тарапы Еуроодақ бұл компанияға «заңсыз түрде субсидия бөлген» деп айып таққан. Ал Еуропа елдері болса, «Вашингтонның өзі Airbus-пен бәсекеге түскен Boeing компаниясына жәрдемдесті» деп қарымта жауап қатты.

 

Еуроодақ қарымта жауапқа дайындалып жатыр

АҚШ-тың шешімі тақауда Женевада талқыланады. Еуроодақ елдері де қол қусырып қарап отырмақ емес. Еуроодақтың сауда жөніндегі комиссары Сесилия Мальмстрём «Вашингтон тарапынан енгізілген баж салығы біржақты қалмайды» деп кесіп айтты. Оның айтуынша, Еуропа Boeing компаниясына қатысты қозғалған істің аяқталуын күтпейді.

Сесилия Мальмстрём, уроодақтың сауда жөніндегі комиссары:

- Қарымта жауап беру үшін сауданың барлық саласын зерттейтін боламыз. Алайда заң күшіне енбей тұрып, АҚШ-пен барынша тіл табысуға тырысамыз. Вашингтон да Дүниежүзілік сауда ұйымының барлық талаптарын орындап жатқан жоқ. Осыны ескере отырып, тығырықтан шығу жолын іздейміз.

 

ЕО елдері сауда соғысына қарсы

Ал, Францияның қаржы министрі Брюно Ле Мэр Дүниежүзілік сауда ұйымының шешімі саяси және экономикалық қателік екенін айтады. Ал Boeing пен Airbus-қа қатысты іс екі жақ үшін де тиімді болғанын қалайды. Еурокомиссия өкілі Жан-Клод Юнкер де тараптар арасында сауда соғысының басталуына қарсы.

Брюно Ле Мэр. Франция қаржы министрі:

- Әлі Еуроодаққа да дәл осындай мүмкіндік беріледі. Сонда өшімізді алмай қоймаймыз. Алайда былай бет жұлысқанымыз жақсылыққа апармасы анық. Еуроодақ пен Вашингтон ортақ мәмілеге келгені абзал. Сауда соғысы өршіп кетсе, бұл тартыста ұтқандардан гөрі ұтылғандар көп болады.

Жан-Клод Юнкер, Еурокомиссия өкілі:

-Сауда соғысын бастап кету оңай, әрине. Ол немен аяқталатыны белгілі ғой. Мәселені ушықтырмаған жөн. Еуропа әр уақытта еркін және әділ сауданы жақтайды. Барлық тараптарға бірдей шарт қойылуы керек. Біз де ақымақ емеспіз. Сауда жүргізуге әркез дайынбыз. Авиациялық секторға баж салығын салса, бізге де дәл осындай қадамға баруға тура келеді.

АҚШ-тың бұл әрекеті өз әуе компанияларына да кері әсерін тигізуі мүмкін. Себебі тасымалдаушы компаниялар ұшақтарға миллиондаған долларға алдын ала тапсырыс беріп қойған. Сарапшылардың пайымдауынша, АҚШ пен Еуроодақтың арасындағы дау ушықса, бұл Қытай мен АҚШ-тың сауда соғысынан да қатерлі болады. Тіпті Вашингтон Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қол жеткізген барлық сауда жеңілдіктерінен бір сәтте айырылып қалуы да әбден мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы