423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қырғызстан кеден қызметіндегі жемқорлық мәселесін қарастырмақ

  • 521
  • UPD: 22:46, 25.11.2019

Қырғызстанның Қауіпсіздік кеңесі алдағы өтетін отырысында кеден қызметіндегі жемқорлық мәселесін қарастырады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл туралы Кеңес төрағасы Дамир Сағынбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, сонымен қатар шекарадағы контрабанда мен қызметтік өкілін теріс пайдалануға қатысты бірнеше іс тергеліп жатыр.

Қауіпсіздік кеңесінің осы мәселені қарастыруына тілшілер жүргізген тергеу түрткі болған. Жергілікті басылымдар соңғы жылдары 700 миллион доллар елден заңсыз шығарылғанын жазған болатын. Бұл қаражат Қытайдан тауарларды контрабандамен әкелу және заңсыз кедендік рәсімдеу жолымен табылған. Осы қылмыстардың барлығына кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Раимбек Матраимовтың қатысы бар көрінеді.   

Дамир Сағынбаев Қырғызстан, қауіпсіздік кеңесінің төрағасы:

– Естуімше, Раим Матраимов Қырғыз республикасы аумағында. Бұл дерек Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне тапсырылғандықтан, жақын арада бұл мақала бойынша тергеу жүргізу үшін ол өзі сол бізге ерікті түрде келеді немесе оны мамандарымыз жеткізеді деп ойлаймын. 

10 қарашада Ыстамбұлда ұлты ұйғыр Қытай кәсіпкері Айеркин Саймаити өлтірілген болатын. Ол – Қырғызстан кеден қызметінің айласын тілшілерге ашып берген кісі. Бұл деректерді қазір Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеп жатыр. Ал осы кезде сыртқы істер министрлігі Ыстамбұлдағы Қырғызстанның Бас Консулы Эркин Сопоковтың қаза болған кәсіпкермен қандай байланысы болғанын тексеруге кірісті. Айеркин Саймаитиның қалтасында Қырғызстанның дипломатиялық нөмірлері тағылған автокөліктің кілті табылыпты.  

Данияр Сыдыков, Қырғызстан президент әкімшілігі сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі:

– Ақпарат құралдары осыны жариялағаннан кейін сыртқы істер министрлігі бұрынғы бас консул Сопоковтан автокөлігі қылмыс орнында қалай пайда болғаны туралы түсініктеме сұраған. Ол бұған нақты жауап бере алмады.

Бас прокуратураның мәліметінше, ақпарат құралдарының кеден қызметіндегі жемқорлық жөнінде келтірген деректерін тексеру мақсатымен мекемеаралық тергеу тобы құрылған. Оның құрамына Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер министрлігі және қаржылық полиция өкілдері кірді.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы