419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұлыбританиялықтар Рождество мерекесін қалай тойлауда

  • 869
  • UPD: 23:06, 25.12.2019

Католиктер Рождество мерекесін тойлап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ұлыбританияда Біріккен Корольдік патшайымы Елизавета екінші жұртшылықты құттықтап, өтіп бара жатқан жылдың маңызды сәттерін атады. Таяуда ғана парламент сайлауында жеңіске жеткен премьер-министр Борис Джонсон да халқына жылы лебізін жолдады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Рождествода Лондонда көше жүргіншілерін кездестіру қиын. Дүкендердің, тіпті азық-түлік болсын, бәрі жабық. Қоғамдық көлік те жүрмейді. Өйткені Рождество - отбасылық мереке және бұл демалыс күнін отбасы, ошақ қасында қарсы алу міндет.

Бұл кадрлерде корольдік отбасының төрт бірдей буыны бар: Елизавета екіншінің өзі, ұлы Чарльз ханзада, немересі Уильям ханзада және шөбересі Джордж ханзада. Олардың барлығы дәстүрлі ағылшын тағамын пісіріп жатыр. Монарх үшін ағымдағы жыл оңай болған жоқ. Жұбайы Филипп ханзада көлік апатына ұшырады. Ұлы Эндрю кәмелетке жасы толмаған қызбен байланысты деп айыпталды. Немерелері Уильям және Гарри ханзадалардың ара-қатынасы бұзылды. Бірақ 93 жастағы ханшайымның ұнжырғасы түспек емес.

Елизавета ІІ, Ұлыбритания патшайымы:

– Бұл жылы біз жүріп өткен жол әрқашан оңай болған жоқ. Кейде ол соқтықпалы, соқпақсыз болды. Бірақ азғантай болса да әрекет етсек, келіспеушіліктер кедергі болмайды, түсіністік пен жарасымдылыққа қол жеткіземіз, сондай-ақ әлемді оңынан өзгертеміз.

Ал британиялық премьер-министр Борис Джонсон рождестволық құттықтауында Денсаулық сақтау қызметінің ұлттық қызметіне, полицияға және әскерилерге басымдық берді. Үкімет басшысының пікірінше, олар мақтауға әбден лайық.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Мен біздің денсаулық сақтау саласының керемет қызметкерлеріне зор алғысымды білдіргім келеді. Сонымен қатар, Рождествода аянбай еңбек етіп жатқан полицияға және барлық мемлекеттік қызметкерлерге рақмет айтқым бар. Сондай-ақ әскери қызметтегілерге және олардың отбасыларына жеке ризашылығымды жеткізгім келеді.

Парламент сайлауындағы Борис Джонсонның үлкен жеңісі ақыр аяғында Брексит бойынша келісімнің депутаттар арасында қолдауға ие болуына мүмкіндік берді. Бірақ дәл сол сайлаулар жаңа референдумға бастау болуы ықтимал. Бұл жолы Шотландияның Біріккен Корольдік құрамынан шығу туралы. Сондықтан алдағы жылдың да ешкімді жалықтырмайтын түрі бар.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы