445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мысырда туризм саласындағы саясат өзгерді

  • 334
  • UPD: 18:44, 03.01.2020

Египет туризм министрлігі мен ежелгі жәдігерлер министрлігін бір ведомствоға біріктірді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Өкімет туризм саласындағы саясатын түбегейлі өзгертуге ниетті. Египет көп ақша жұмсамай, теңіз жағажайларында демалуға болатын ел ретінде белгілі. Енді билік бұл бағыттан гөрі мәдени туризмге басымдық беруді көздеп отыр.

Жаңа реформа мысырлықтар үшін тосын жаңалық болған жоқ. Өйткені осыдан 50 жыл бұрын да осы екі саланы бір министрлік басқарған. Жаңа жасақталған құрылымда басымдық ежелгі жәдігерлерге берілетін түрі бар. Мұны ведомство басшысы болып Халед әл-Ананидің тағайындалуы айғақтайды. Ол бұған дейін ежелгі жәдігерлер министрлігін басқарған еді. Соңғы жылдары үкіметтің қолдауымен елде ірі археологиялық жобалардың да жүзеге асқанын айта кету ләзім.

Умм Мұстафа, тарихшы:

– Әлеуметтік қызметтер еуропалық елдерде сауалнама жүргізді. Онда Египет дегенде ойыңызға ең алдымен не келеді деген сауал бар. Сөйтіп 83 пайызы жағажайлар, мейманханалар мен теңіз деп жауап беріпті. Әрине бұл керемет, бірақ Египет мәдени мұраға өте бай ел, ал әлем мұны ұмыта бастады. Басқа еш жерде кездеспейтін дара ескерткіштеріміз бар екенін еске салу қажет.

Жаңа министрлік құрылғаннан кейін, халықаралық туроператорлармен жасалған келісімшарттар қайта қарастырылуы мүмкін. Осы ретте шетелдік туристер саны артып, табыс мөлшері өскендіктен, Египет тарапы шипажайларға қатынайтын әуе рейстеріне субсидия бөлуден бас тартуы да ықтимал. Сондай-ақ, министрлік негізгі туристік қалаларды ретке келтіріп, Асуан мен Луксор арасындағы жолдарды жөндеуді көздеп отыр. 

Ахмед Селім, Египеттің ежелгі жәдігерлер және туризм министрлігінің өкілі:

– 2020 жылдың соңында Ұлы Египет мұражайы ашылады. Ондағы жиынтықты еліміздің үздік мамандары мен тарихшылары құрастырды. Шарм-әл-Шейх пен Хургадада жаңа археологиялық ескерткіштер ашылады. Мұның бәрі – елдің мәдени туризмін дамытудың амалы.

Туризмге арналған жаңа бағдарлама қаңтар айының соңында Парламенттің қарауына ұсынылады. Оған дейін жаңа министрлік бұл мақсатқа жұмсалатын шығын мөлшерін нақтылауы тиіс. Қаржы мәселесі қиындық туғызбайтын түрі бар, өйткені Орталық Банк басшылығы Египеттің бұрынғы беделін қалпына келтіру үшін ақша аямайтынын мәлімдеп те үлгерді. 

Авторлары: Светлана Брахмит, Гурам Чихлаж

Хабар 24 телеарнасы