377,04 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БАҚ: Ресейдегі саяси өзгеріс – соңғы 20 жылдағы ең елеулі оқиға

  • 292
  • UPD: 14:42, 16.01.2020

Ресейде билік жүйесін реформалау жарияланды.

Президент Владимир Путин Федералдық жиынға жасаған жолдауында Конституцияға енгізілмек түзетулерді мәлім етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іле-шала Үкімет отставкаға кетті. Саясаттанушылар елде билік тізгінін беру процесі басталғанын айтып, оны Қазақстандағы саяси реформамен салыстырып жатыр.

Ресей президенті өз жолдауында ауқымды конституциялық реформаны жариялап, Министрлер кабинеті отставкаға кетті. Премьер-министр болып ешкім күтпеген тұлға тағайындалды. Ақпарат құралдары бұл ауыс-түйіс пен саяси өзгерісті соңғы 20 жылдағы ең елеулі оқиға деп отыр.

Владимир Путин, Ресей президенті:

Қазір ұсынылып отырған бастамалар саяси жүйеге: атқарушы, заң шығарушы, сот билігін өзгертуге қатысты. Сондықтан бұл конституциялық өзгертулер бойынша халық дауыс беруі тиіс.

Дмитрий Медведев, Ресей Үкіметі төрағасының міндетін атқарушы:

- Біз Ресей Федерациясының Үкіметі ретінде еліміздің президентіне барлық қажетті шараларды қолға алуына мүмкіндік жасауымыз керек. Осы себепті қазіргі жағдайда Үкімет мүшелері толықтай босатылуы дұрыс деп ойлаймын.

Ресей тарихында үкіметтің толық құрамда отставкаға кетуі екінші рет болып отыр. Кей сарапшылар елдегі саяси өзгерістерді Қазақстандағы саяси реформалармен салыстырып, «Парламент рөлі күшейеді», дейді. Қазір премьер-министрді президент, ал вице-министрлерді Үкімет басшысы тағайындайды. Осы өзгерістен соң Министрлер кабинетінің барлық мүшесін Парламент бекітетін болады.

Станислав Притчин, сарапшы:

Әзірге Владимир Путин президент лауазымынан кеткеннен кейін қандай қызмет атқаратыны белгісіз. Бұл жерде президенттің қолында шоғырланған кей өкілеттіктерге ие болатын институттарды құруға дайындықты көруге болады. Бұл Конституциялық сот, Мемлекеттік кеңес, Қауіпсіздік кеңесі және парламент. Бірақ Владимир Путин жаңа президенттен өзінің саясатын жалғастыруды талап ете ме? Ол жағы әлі беймәлім.

2024 жылға дейін саяси болжам жасауға көпшіліктің батылы бара бермес. Бірақ сарапшылар «Владимир Путиннің жаңа реформалары мемлекетік құрылымның өзгеретіндігін көрсетеді», деп отыр.

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы