417,90 504.70 5.63
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирус: бүгінгі дерек

  • 690
  • UPD: 12:32, 05.03.2020

Әлемде коронавирус жаһанның 70-тен астам елінде таралып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Індет Қытайдан басқа Иран, Италия мен Оңтүстік Кореяда қарқын алып барады. Ал АҚШ бойынша науқастардың қатары 158-ге артты. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, қазір елдің бірнеше өңірінде мектептер уақытша жабылып жатыр. Таяуда АҚШ-тың өкілдер палатасы коронавируспен күресуге арналған жаңа заң жобасын дауысқа салып мақұлдады. Құжатқа сәйкес федералды бюджеттен 8,3 млрд доллар қаржы бөлінетін болады. Енді құжат сенатқа жолданды.

Майк Пенс, АҚШ-тың вице-президенті:

– Елде коронавирустың жайылуын Ақ үйде кеңінен талқылады. Түрлі сала қызметкерлерімен кездестік. Елде коронавирустың жайылуы басқа мемлекеттермен салыстырғанда төмен. Десе де, жағдайды бақылауда ұстауымыз керек. Жаңа заңға сәйкес, қаражат федералды бюджеттен бөлінетін болады. Бұл бастаманы депутаттардың басым көпшілігі қолдап отыр.

Ал Иранда коронавирус дерегі барлық провинцияда тіркелген. Соңғы ақпаратқа сәйкес, елде кеселден қаза тапқандардың қатары 92-ге жетті. Бір тәуліктің ішінде 15 адам көз жұмып, 586 тұрғын вирус жұқтырған. Осылайша науқастардың саны 3 мыңға жуықтады. Елде зарарсыздандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Ал Еуропадағы вирус ошағына айналған Италияда наурыздың 15-іне дейін мектептер жұмысын тоқтатты. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрлігі баспасөз конференцияда хабарлады. Айта кетейік, қазір Италияда 3 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған, 107 адам індет құрбаны болды.

Лусия Аццолина, Италияның білім министрі:

– Бұл оңай шешім болған жоқ. Індеттің жайылмауы үшін уақытша барлық мектепті жабамыз деп шештік. Министр ретінде балаларымыздың оқуы жақын арада басталатынына сенемін. Бірақ қауіпсіздік бірінші орында.

Коронавирус тез жайылып бара жатқан Оңтүстік Кореяда да вирус құрбандарының саны артып барады. Соңғы мәлімет бойынша, бір күннің ішінде 3 адам көз жұмып, 438 тұрғын вирус жұқтырған. Мамандардың айтуынша, науқастардың 90 пайызы Тегу мен Солтүстік Кёнсан қаласында тіркелді.

Хабар 24 телеарнасы