417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бейжіңде коронавируске шалдыққандар саны артып барады

  • 653
  • UPD: 10:10, 16.06.2020

Қытай астанасы Бейжіңде COVID-19-ға шалдыққандардың саны артып барады. Өткен тәулікте 27 адам індет жұқтырған. Осылайша ел астанасында 106 науқас ем қабылдап жатыр. Болжам бойынша қауіпті вирус шаһардың оңтүстігіндегі ауылшаруашылық базарында таралған.

Аурудың жаңа ошағы қалай басталды? Жергілікті биліктің әрекеті қандай? 

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Вирустың жаңа ошағы «Синьфади» ауыл шаруашылық базары болды. Бұл сауда орны аймақтың 70 пайыз тұрғынын азықпен қамтамасыз етеді. Мамандар азық-түліктің сақтау температурасы төмен болғандықтан вирус ет пен теңіз өнімдерінде ұзақ мерзім сақталған болуы мүмкін деп отыр. Соңғы зерттеулерге сәйкес вирус сырттан келген. Мәселен, COVID-19  импортталған ақсерке балығы өңделген тақтайда табылды. Осыған сәйкес ауру балықпен бірге келуі мүмкін. Қазір бұл балық түрі уақытша сатылмайтын болды. Ал кей мамандар індет адамнан адамға таралды деген пікірде. 

Уцзунью, эпидемиолог: 

- Мүмкін вирус импортталған теңіз өнімдерімен келді. Алайда бұл нақты шешім емес. Дерт адамнан да тарауы мүмкін. Індет жұқтырған нақас сауда орынға барып сатушыларға вирус жұқтыруы мүмкін. Бұл мәселені әлі де зерттелуде. Вирус штамын іздестіріп жатырмыз.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Қазір «Синьфади» базары жабық. Жақын маңда орналасқан тағы 11 аудан да оқшауланды. Барлық қызметкерлер мен тұрғындар COVID-19-ды анықтайтын тест тапсырып жатыр. Мамырдың 30-нан бері осы сауда орнында болған өзге өңір тұрғындары да тексерілуде.  Шамамен 200 мыңға жуық адамды тексеру үшін 100 мың маман жұмылдырылды. Сонымен қатар, барлық мессенджерлер мен хабарландыруларда соңғы екі апта ішінде Синьфади базарында болғандарды өзгелермен қарым-қатынасқа түспей шұғыл тест тапсыру керектігі ескертіліп жатыр. Қоғамдық көлікпен жүруге де тыйым салынды. Ал мектеп түлектерінен басқа өзге сынып оқушылары қашықтан оқуға көшті. Тұрғын үйлердің кіреберісінде халықтың дене қызуы тексеріледі. Вирус табылған барлық аудандарда эпидемиологиялық қауіптіліктің ортаңғы деңгейі жарияланды. 

COVID-19-ды анықтайтын анализды кімдерге жасап жатыр? 

Ботагөз Сырғабаева, тілші: 

- Індеттің қайта өршуіне байланысты дертке шалдыққан әр науқас жайында екі сағат ішінде хабарланып отырады. Олар 12 сағаттың ішінде тест тапсырулары керек. Бейжіңде тест тапсыру үшін шамамен 100 пунк жұмыс істеуде. Күніне олар 90 мыңға жуық анализды талдай  алады. Тексерілу үшін азаматтар алдын-ала жазылу керек. Ал карантинге жабылған тұрғын үйлердің жанына қосымша пунктер орнатылды. Аурухананың қабылдау бөліміне дене қызуымен түскен әр адам да тест тапсыратын болады.

Хабар 24 телеарнасы