420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сарапшылар сынағы бітпеген вакцинаны қолданудың салдарынан қорқып отыр

  • 152
  • UPD: 10:08, 04.09.2020
Сарапшылар сынағы бітпеген вакцинаны қолданудың салдарынан қорқып отыр

АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі барлық штатқа қарашаның 1-іне қарай халықтың бір бөлігіне коронавируске қарсы екпе егуге дайындалуға шақырды.

Бірақ кей сарапшылар елде қазір бір де бір вакцина толық клиникалық сынақтан өтпегенін айтып, алаңдаушылық танытып жатыр. Олар бұл қадам қарашаның 3-і күні өтетін президенттік сайлауға қатысты саяси шешім болуы мүмкін дейді. Бірақ Ақ үй өз кезегінде Санитарлық бақылау басқармасына ешқандай қысым көрсетіп отырған жоқпыз депті. Ал ақпарат бойынша Аурулардың алдын алу орталығы әр штатқа аталған күнге қарай халықтың кей тобының арасында екпе жүргізу үшін 2 вакцина жеткізілетінін хабарлады.

Пол Оффит, вакцина бойынша сарапшы:

- Мен елдегі коронавируске қатысты ауыр жағдайды түсінемін. Бірақ қазір дайындалып жатқан вакцина әдеттегі вируске қарсы вакцина емес. Біз мұндай індетпен ешқашан бетпе-бет кездескен емеспіз. Әрине екпені тездетіп шығарсақ деген ұмтылысты қолдаймын. Алайда бұл істе клиникалық сынақтың барлық кезеңін өту қажет. Әсіресе үшінші кезең өте маңызды. Егер бұл сынақ аяғына дейін жеткізлімей вакцинаны ерте қолданыла бастаса, оның салдары ауыр болуы мүмкін.

Ал қоғамда осындай пікірталастар болып жатқанда індеттен ең көп зардап шеккен Нью-Йорк қаласында кей шектеулер алына бастады. Шаһарда сауда орталықтары мен казинолар қайта ашылды. Оған соңғы уақытта қалада дертті жұқтырғандар санының азаюы себеп болған. Бірақ билік бұл орындар бірқатар шектеулермен жартылай ғана жұмыс істейтінін ескертті.

Хабар 24 телеарнасы