423,04 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Чехия биылғы Жаңа жылды туристерсіз қарсы алады

  • 89
  • UPD: 14:53, 29.12.2020

Чехия биылғы қысқы мерекені туристерсіз қарсы алатын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкіметтің шектеулерді қатаңдату туралы шешімі туризм саласындағы мамандардың үмітін су сепкендей басты. Статистика агенттігінің мәлдіметіне қарағанда, биыл Прагаға баратын туристер өткен жылмен салыстырғанда 85%-ке аз болғалы тұр. Саладағы шығын шаш етектен.

Чехияда мерекеге қарсы шаралар деп айдар таққан шектеулер күшіне еніп қойды. Эпидемиологиялық қауіптің бесінші деңгейіне сай азық-түлік пен тұрмысқа аса қажетті заттар сататын дүкендерден бөлек, барлық сауда орындары жабылған. Мейрамхана, дәмхана, мұражай және галереялардың да жұмысы тоқтатылған. Қоғамдық орын мен көшеде 2 адамнан артық кісінің жиналуына тыйым салынды. Шектеулер шетелдіктердің келуіне тосқауыл қойды.

Патрик Борел, экономист:

- Карантин қаңтардың 10-ына дейін созылады. Яғни туризм саласының ауыр тиейін деп тұр. Бірақ індеттен бизнесін тоқтатуға мәжбүр болған кәсіпкерлерге өтемақы төлеу туралы заң жобасы әзірленген. Егер көмек қаржы қомақты болса, осы сала өкілдерінің дағдарысты еңсеруіне көмектесуі тиіс. Қалай дегенмен, мемлекет шығынға батады.

Шектеулер қаржылай мәселеден бөлек Праганың туристік беделіне нұқсан келтірейін деп тұр. Чехия астанасына Жаңа жылды қарсы алуға жыл сайын орта есеппен 700 мыңдай турист келетін. Яғни Еуропадағы қысқы демалысты өткізетін тартымды бағыттың бірі болған. Ал биыл 1 мыңға жуық саяхатшы ғана қатынауы мүмкін.

Матей Поворка, саяси шолушы:

- Карантин ішкі туризмнің дамуына күшті серпін берді. Прагаға шетелдік туристерден көрі чехтардың өздері көптеп келетін болды. Бірақ шетелдік туристердің келмеуінен шығын зор. Мысалы Прагаға АҚШ пен Ұлыбританиядан жыл сайын мыңдаған туристің орнына бірнеше саяхатшы ғана келген.

Дегенмен, Праганың туризм саласы өкілдері қысқы мереке кезінде қол қусырып отырмай, келесі маусымға дайындалып жатыр. Қазір мейрамханалар мен спорттық кешендер сынды түрлі сала өкілдері жиналып, келесі жылға жарнама әзірлеуге кіріскен.

Авторлары: Александр Грэс, Дмитрий Лукша, Павел Невид

Хабар 24 телеарнасы