376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия жұрты ұлтымыздың ұмыт қалған тағамдарынан дәм татты

  • 524
  • UPD: 23:54, 27.03.2019

Түркияда «Ұлы дала тағамдары» күндері басталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Анкара төрінде ұйымдастырылған шарада дастарханның сәнін келтіретін ұлттық тағамдармен қатар халқымыздың ұмыт болған ас мәзірлері де таныстырылды.

Нұр-Сұлтан қаласының аспаздары Анкараға арнайы келіп, қазақтың ұлттық ас мәзірлерін дайындады. Қазіргі уақытта Түркияда барлық түркітілдес елдердің асханаларын кездестіруге болады. Алайда асылған ет, быламық, ысталған және сүр етті көре алмайсыз. 

Гүлмира Шажанбаева, ұйымдастырушы:

- Бірінші рет Ұлы дала тағамдарының фестивалін өткізіп жатырмыз. Өзімізбен 120 килограмм жылқы етін ала келдік. Ысталған, ысталмаған. Содан кейін 30 литр қымыз бен шұбат ала келдік. Тағы да басқа тағамдарымыз бар.

Асханасы өте бай түрік жұртын тамақпен таң қалдыру оңай емес. Себебі, Еуропа мен Азия құрлығы ортасында орналасқан мемлекет нағыз мәдениеттің ошағы деуге болады. Сондықтан бұл елдің ас мәзірінде барлық тағам түрлерін кездестіруге болады. Дегенмен мұндағы көпшілік бұл жолы жылқы етінен жасалған тағамдардың дәмін алғаш татып отыр.

Фулия Сағлық, Анкара тұрғыны:

- Біздің түбіміз бір, тарихымыз бен тіліміз ортақ. Алайда ас мәзірлеріміз өзгеше екен. Себебі, біз сиыр және қой етін қолданамыз. Жылқы етінің дәмін бірінші рет татып отырмын. Қатты ұнады. Бұған дейін жылқы етін жегендердің иммунитетінің мықты болатынын естігенмін. Денсаулық саласының қызметкері ретінде мен үшін бұл өте маңызды.

Мухаррем Туна, Анкара тұрғыны:

- Қымыз бен шұбат іштім. Мұндай органикалық тағамдарды бізде ауылдық жерлерде дайындайды. Өзім олардың дәмін айранға ұқсаттым.

Вейсел Сезен, Анкара тұрғыны:

- Қазақтың ұлттық тағамы асылған ет жедім. Маған ұнағаны, еттер майлы болып көрінгенімен, асқазанға ауыр тимейді екен. Осындай шаралар жиі жүзеге асса, ата жұрттан жеткен тағамның дәмін татуға мүмкіндік туар еді.

Сондай-ақ шара барысында халқымыздың табақ тарту рәсімі жасалып, келгендерге қонақкәде жасалды. Анкарада құрылған «Отау» өнер тобының арнайы сахналық қойылымы ұйымдастырылды.

Авторы: Меруерт Қанағат

Хабар 24 телеарнасы