386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы Самар ауылында Абай ескерткіші орнатылды

  • 157
  • UPD: 23:50, 26.08.2019

Шығыс Қазақстан облысындағы Самар ауылы хакім Абайға ескерткіш орнатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нысанның айналасы да абаттандырылып, алаң ұлы ойшылдың атымен аталған.

Облыстың аудандарынан жиналған оқушылар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан сайысқа түсіп, озғаны жүлдегер атанды. Жалпы Көкпекті ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 136 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Самар ауылы 6 мыңнан астам халқы бар іргелі елдімекен. Қазақтан өзге де көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері тату тәтті тұрмыс кешіп жатыр. Ал данышпан ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында тұрғындар тарихи сәтке куә болды. Тұғырымен қоса есептегенде биіктігі 7 метр болатын ескерткішті өңірге танымал мүсінші Әлібек Шоқанов жасаған. Бұл оның үшінші Абайы.

Әлібек Шоқанов, мүсінші:

- Тұрысы, оның дене бітімі, ой, қабағы, ойлы болып, осының бәрін халыққа жеткізе білу ол өте бір талапты қажет етеді. Самал желдің төсінде бір өзінің ойымен тұрғанын бейнеледік. Бір жылдық еңбегіміздің жартысы осы эскиз жасаумен, ойланумен өтсек, екі айда мына ескерткішті жасап шықтық.

Асхат Смаилов, Көкпекті ауданының әкімі:

- Тарихымызды білу үшін кешегі тұлғаларымыздың есімін еске алуымыз керек. Сонымен адам рухы көтеріліп, еске алу арқылы біз барлығын болашақта дамытуымыз керек деп есептейміз. Абай бабамыздың ескерткішінің ашылу салатанаты сол Рухани жаңғыру аясында өтіп жатыр. Бізде Көкпектіде бұл мәселелерге байланысты жалпы бірнеше жылға жоспарланған 136 жоба іске асып жатыр.

Жаңадан ашылған ескерткіш ауылдың ажарын ашып, жас ұрпақ тағзым етер мекенге айналып үлгерді.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Данышпан ақынның еңселі ескерткіші қасында әуенді субұрқақ та іске қосылды. Жергілікті әкімдіктің жоспары бойынша бұл жерде келесі жылы көктемде жас көшеттер отырғызылып, абаттандыру жұмыстары жалғасын таба бермекші. Осылайша, Абай алаңы аудан тұрғындарының мәдени-демалыс орталығына айналады.

Ал Мәдениет үйінде облыстың шалғайы ауылдарынан келген жеткіншектер арасында Абай оқулары байқауы ұйымдастырылып, кіл жүйріктер анықталды. Енді бұл шара Самар ауылында дәстүрлі түрде өтетін болады.

Гүлбану Байханова, Самар ауылының тұрғыны:

- Алла Тағалам бізге бақыт берсін, береке берсін! Ел іргесі тыныш болсын! Абайдан үйреніп, Абайдан оқып, Абайдың философиясын жастарымыз кеудесіне түйіп, осы Абайдай жақсарып отырса екен деп тілеймін!

Нурия Ибраева, оқушы

Ауылымызда Абай атамыздың ескерткіші ашылып жатқанына қуаныштымыз. Біз жас ұрпақ данышпан ақынның өлеңдері мен әндерін сүйіп орындаймыз. Абай жолы - адамзаттың бәрін бауырым деп сүюге шақыратын ізгілік жолы.

Ауданда жыл соңына дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылар шаруа аз емес. Кәсіпкерлер туған жерді түлетуге ат салысса, мектеп оқушылары ауданның киелі жерлерін аралап, саяхатқа шықпақшы.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы