375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Абайдың бай рухани мұрасын сіңіріп, оны таныту – басты міндет

  • 198
  • UPD: 11:07, 10.01.2020

Абайдың бай шығармашылығын танып, зерттеуде еңсерілген еңбек көп.

Ақынның бірталай туындылары шет тілдерге аударылды, бірнеше ғылыми еңбектер жазылып, театрда Абай бейнесі сахналанды.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Біз қазір бекзат өнердің шаңырағы – Абай атындағы опера және балет театрында тұрмыз. Қазақ жеріндегі ең алғашқы кәсіби музыкалық театр ретінде 1933 жылы қазығы қағылған өнер ордасының сахнасына талай саңлақтың маңдайының тері сіңген. Әлемдік классикаларды айтпағанда, «Қыз Жібек», «Еңлік-Кебек», «Біржан Сара» сынды ұлттық опералар осы жерде сахналанды. Әрине, олардың қатарында «Абай» операсы да бар. Хакім Абайдың классикалық образын ашқан туынды 1944 жылы қойылған. Ал, 1945 жылы театрға Абай есімі берілді.

Мұхтар Әуезовтің либреттосына арнап, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди жазған опера 70 жылдан асса да, әлі де сахнадан түскен жоқ. Әлемнің бірнеше сахнасында қойылған туынды орыс және ағылшын тілдеріне аударылған.

Болатбек Бөкен, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы опера және балет театрының солисті:

- Абай операсы біздің маңдайымызға жазылған төлқұжатымыз. Біз осы Абай операсымен мақтанамыз. Қазақтың классикалық операсы бар ма десе, біз осы Абай операсын көрсетеміз. Және көптеген сыншылардың айтуы бойынша шетелдегі сыншылардың айтуы бойынша қазақтың классикалық операсы – Абай операсы әлемдік классикада бір қатарда тұратын опера деп есептеледі.

Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Хакім Абай» атты ғылыми зерттеу орталығы бар. Ақын шығармашылығын 30 жылдан астам уақыттан бері зерттеп келе жатқан ғалым Жабал Шойынбет «Абайдың біз меңгермеген терең құндылығы бар», дейді.

Жабал Шойынбет, абайтанушы:

- Біз балаларға, оқушыларға, студенттерге ақын Абайды жақсы үйретіп келе жатырмыз. Бірақ ендігі үйрететініміз – хәкім Абай. Яғни, Абайдың қара сөздерін, даналықтарын үйрету. Абайдың еңбектеріне, қара сөздеріне тек қана қазақтың баласы, қазақтың ғалымдары емес, әлем ғалымдары қызығушылық танытуда. Себебі, Абайда адамзат баласын сүюдің, адамгершілік ілімінің үлкен жолын көрсеткен құндылық жатыр.

Ерасыл Раматолла, Түркістан қаласының тұрғыны:

- 17-ші қара сөз жеңіл тілмен жазылса да, көп нәрсені айта біледі. Адамгершілік туралы. Негізінен Абай адамгершілікті насихаттаған.

Диас Оралбай, Кентау қаласының тұрғыны:

- Қазаққа үнемі жаны ашыған. Қазақтың рухани бет-бейнесін аша білген. Қазақтың әлсіз тұсын бетіне баса білген. Яғни, қазаққа жаны ашыған жандардың бірі болып саналады.

«Өз заманынан оза туған Абай қазақ үшін тура жолдан адастырмайтын рухани темірқазық», - дейді зерттеушілер. Оның бай рухани мұрасын сіңіріп, оны таныту – басты міндет.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

-Алматының орталығындағы Абайдың еңселі ескерткіші 1960 жылы орнатылған. Ескерткіш тұрған жер «Абай алаңы» деп аталады. Жыл сайынғы дәстүрлі Абай оқулары өтетін бұл жер тағылымды поэзияның, өнегелі өнердің орнына айналған. Абай ескерткішінен батысқа қарай бастау алатын ақын атындағы даңғыл қаладағы ең ұзын әрі көрікті көшелердің бірі.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ерлан Шалбаев, Радик Жақыпов

 

Хабар 24 телеарнасы