384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде зейнетақы тағайындау едәуір жеңілдейді

  • 883
  • UPD: 15:49, 14.03.2018

Қазақстандықтар үшін зейнетақы тағайындау едәуір жеңілдейді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова «Еңбек және әлеуметтік саланы цифрландыру» тақырыбында өткен жиында айтты.

Елімізде 1 шілдеден бастап, зейнет жасына жеткендер құжаттарды «бір өтініш» қағидасы бойынша жинайды. Бұдан былай мемлекеттік корпорация, жасына байланысты зейнетақы тағайындау, базалық зейнетақы төлемдері мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақыны алу үшін бір ғана өтініш қабылдайтын болады. Жаңа бастама күшіне ену үшін қазір  «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына өзгертулер енгізіліп жатыр. Заңға толықтырылған соң зейнеткерлердің барлық төлемдерін тек мемлекеттік корпарациялар жүргізетін болады. 

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары: 

- Қазір тұрғындар зейнетке шығу үшін екі арыз жазып жүр. Енгізілетін жаңалықты халық қуана қабыл алады деп ойлаймын. Себебі енді зейнеткердің барлық төлемдері оның бір банктік есеп-шотына түседі. Мемлекеттік кепілдік төлемдер де бір уақытта жіберіледі. Қазір сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді белгілеу бойынша тағы алты мемлекеттік қызмет түрін проактивті етудің тетіктері жасалып жатыр. 

Жиында сондай-ақ елімізде жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің еңбек шарттарын бірыңғай есепке алу жүйесі енгізілетіні жайлы айтылды. Бұл өз кезегінде қағаз түріндегі еңбек кітапшаларынан бас тартуға мүмкіндік береді. Цифрланған еңбек шарттары азаматтардың кірістерін жалпыға бірдей декларациялауды енгізу үшін негіз болмақ.

Хабар 24 телеарнасы