365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан мен Өзбекстанның арнайы операция күштері бірлескен оқу-жаттығу шарасын өткізді

  • 206
  • UPD: 21:37, 16.07.2018

Елімізде әскери шабуыл жасалды. Қазақстан мен Өзбекстанның арнайы операция күштері қарулы топқа тойтарыс берді.

Мұның бәрі «Ерік дала» деп аталған арнайы оқу-жаттығу шарасының аясында жоспарлы түрде өтті.

Арнайы оқу-жаттығудың бірінші кезеңі салтанатты жағдайда басталды. Әскерилердің білігі шыңдалатын шараға еліміздің қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов пен Өзбекстан қорғаныс ведомствосының басшысы, генерал-майор Абдусалом Азизов қатысты.

Абдусалом Азизов, Өзбекстан Республикасы Қорғаныс ведомствосының басшысы, генерал-майор:

– Жылы қабақ танытып қарсы алғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Мұндай кездесулер екі армияның өзара қарым-қатынасына тың серпін береді. «Бірлескен оқу-жаттығулар түнгі уақыттағы жауынгерлік авиацияның әлеуетін көрсетіп, заманауи техниканы ұтымды пайдаланудың жаңаша әдіс-тәсілін меңгеруге сеп болады.

Қос елдің әскерилеріне берілген тасырма ауыр. Жауынгерлер түнгі барлау бойынша операцияларды орындады. 2 жарым мың метр биіктіктен «Су-30 СМ» көлігі арқылы заңсыз қарулы топ анықталып, оларға әуеден соққы жасалды. Елді мекенге жасырынған содырларды ұстау үшін бір уақытта шабуыл жүргізіліп, жедел операцияға ұшқышсыз ұшу құрылғылары мен электрондық-оптикалық барлау құралдары пайдаланылды. Нәтижесінде қарулы топ қолға түсіп, қауіп сейілді.

Сәкен Жасұзақов, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі:

– Қазақстан мен Өзбекстанның арнайы операция күштері берілген тасырмаларды сәтті орындай білді. Бірлескен оқу-жаттығудың бірінші кезеңінде көзделген мақсат орындалды.

Министр Жасұзақовтың айтуынша, оқу-жаттығудың екінші кезеңін Өзбекстанның «Фориш» оқу-жаттығу орталығының базасында өткізу жоспарланып отыр. Мақсат – әскерилердің өзара бірлескен іс-қимылын жетілдіру.

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы