368,46 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысындағы Сауысқандық петроглифтерін кешенді зерттеу қажет

  • 264
  • UPD: 08:29, 14.08.2018

Әйгілі Таңбалы тастан кем түспейтін құнды кескіндердің сырын ашу үшін қаржылай қолдау маңызды.

Оның үстіне табиғат аясында демалушылардың жартастағы бейнелерді бүлдіру деректері де кездеседі.

Қаратау етегіндегі Сауысқандық шатқалы Шиелі ауданының Еңбекші ауылынан 50 шақырым жерде орналасқан. Аумағы 500 гектарды құрайды. Тас және қола дәуірінен сыр шертетін көріністерді ғалымдар Сыр бойындағы Бейнелеу өнерінің бастауы деп бағалайды.

Қаратаудағы петроглифтер 8-10 мың сюжетті құрайды. Ғалымдар бұл бейнелер әйгілі Таңбалы тастан кем түспейді деген пікір айтады. 

Айнұр Әбілдаева, Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері:

- Б.з.д. 2 мың жылдықтардағы тас қашау мәдениеттің жартастағы суреттері сол дәуірдің әдет-ғұрпындағы наным-сенімдерінің көрінісін береді. Сауысқандық петроглифтерінің негізгі мотивтері – антроморфтық фигуралар. Бұқа, елік бейнелері, жылқы, аң-құстар бейнеленген.

Әзірге Қаратаудан шамамен 200-дей петроглиф табылып отыр. Тасқа қашалған рухани құндылық – ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне енген Ақмешіт атырабындағы 9 ескерткіштің бірі. «Дегенмен тирихи ескерткіштің төңірегін әлі де болса кешенді түрде зерттеу қажет», – дейді мамандар.

Ғалымжан Садықов, облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі ММ бөлім басшысы:

- Енді алдағы уақытта бұл ескерткішті кешенді түрде зерттеу мақсатында біз облыстық бюджетке ұсынысымызды беріп отырмыз. Үлкен аумақты алып жатыр. Сондықтан кешенді зерттеу барысында таңбалы тастарды анықтау, олардағы суреттерді зерттеп, сонымен қатар ол жердегі қорым мен қорғандар көптеп табылады. Солардың барлығына кешенді түрде археологиялық зерттеу қажет.

Қадым замандардың қолтаңбасын төсіне басқан Сауысқандық маңы бүгінде ерекше қорғау аймағына алынған. Алайда мамандар жартастағы жазуларды бүлдіріп кету деректерін де жоққа шығармайды. Сондықтан петроглифтерді кешенді зерттеу шараларымен қатар оны кеңінен насихаттауды да қатар қолға алғандарын айтады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Осы категория бойынша: « Алматыда «Туған жер» жастар лагері ашылды Түркістан облысында тамшылатып суару әдісі 6 мың гектардан астам аумаққа енгізілген »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы