365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Журналистер арасында «Самғау» байқауы жарияланды

  • 734
  • UPD: 20:14, 29.08.2018

Алматы облысында «Самғау» журналистер байқауы жарияланды.

Оған аймақтағы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен республикалық телеарна, газет-журналдардың өкілдері және блогерлер қатыса алады. Ұсынылатын материалдар 2018 жылдың 1 қаңтары мен қараша айының 1-і аралығында эфирге шыққан немесе мерзімді баспасөз бен әлеуметтік желіде жарияланған болуы тиіс.

«Самғау» журналистер байқауы Алматы облысында өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылды. 7 аталым бойынша 21 тілші жүлдегер атанса, биыл бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері 11 номинация бойынша бақ сынасады. Бірінші орынға 500 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалған. Сәйкесінше, екінші және үшінші орын алған қатысушыға да ақшалай жүлде табыс етіледі.

Рустам Алпысбаев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Былтыр 7 номинация бойынша 7 млн теңге берілген болатын. Қолдау көлемі 9 миллионға жетіп қалды. «Самғау» марапатымызды облыс әкімінің қолдауымен республикалық дәрежеге көтергіміз келеді және осы жергілікті журналистердің ақпарат саласындағы майталмандығын ұлғайтқымыз келіп отыр.

Байқауға жолданатын материалдар қараша айының біріне дейін қабылданады. Тақырып «Астананың 20 жылдығы», «Рухани жаңғыру» және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуы барысын қамтуы тиіс. «Самғау» сыйлығы жас журналистерді ынталандырып, өз ісінің кәсіби маманы болып қалыптасуына жол ашады», – дейді алғашқы байқаудың жүлдегері Қуаныш Серікханов.

Қуаныш Серікханов, «Қазақстан» ұлттық арнасының Алматы облысы бойынша тілшісі:

– «Самғау» жүлдесі – аты айтып тұрғандай, жер жәннаты – Жетісу жерінде еңбек етіп жатқан БАҚ өкілдерінің жаңа белестерді бағындыруға қанаттандыратын, шабыттандыратын жүлде. Сондықтан бұл байқаудың өрісін кеңейтіп жатқаны құба-құп. Өйткені жастар өсіп келе жатыр.

«Самғау» журналистер сыйлығының иегерлері Тәуелсіздік күні қарсаңында анықталады. Байқауға жолданған материалдарды елімізге белгілі публицистер мен телевизия саласының майталман мамандары бағалайды. Бір айта кетерлігі, қазылар алқасының мүшелері түгелдей сырттан шақырылады. Ал марапаттау рәсімі Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының жаңа ғимаратында өтетін болады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Осы категория бойынша: « Нұротандықтар Астанадағы балалар үйіне барды Әлемде ресми түрде бес ел ядролық қарулары бар екенін мойындайды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы