383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бурабайға баратын туристерге арналған цифрлық жүйе іске қосылады

  • 488
  • UPD: 22:16, 17.09.2018

Бурабай жыл бойы туристерді қабылдауға дайын. Мұндай мүмкіндік цифрлық жүйенің арқасында жүзеге аспақ.

Алдағы уақытта туристерге қажетті барлық ақпараттар ғаламтор желісіне жүктеледі. Былтыр табиғаты тамаша бұл өлкеге 800 мыңнан астам саяхатшы келген. Биыл бұл көрсеткіш 900 мыңнан асады деген жоспар бар. Осынша ақпарды дәлме-дәл бақылауға цифрлық жүйе мүмкіндік беріп отыр.

Шәмші Сайфудин Бурабайға жыл сайын келетін кәнігі меймандардың бірі. Биыл ол кезекті демалысына бүкіл ұжымдастарымен келген. Көрсетілген қызмет түрлеріне де ризашылықтарын білдіріп отыр.

Шәмші Сайфудин, саяхатшы:

- Менің ойымша, Бурабайға демалуға келетін қонақтар үшін арнайы бағдарлама болуы тиіс. Мәселен туристердің уақытын үнемдеу үшін көрікті жерлерге саяхат ұйымдастыру, музейлер мен өзге де тарихи-мәдени орындарға бару-келу кестесін жасау керек. Сонда демалысты ұйымдастырушыларға да, қонақтарға да тиімді болады.

Бурабайға келуші меймандардың көпшілігінің цифрлық жүйеде қызмет көрсететін жобаның барынан хабары бола бермейді. Қазан айынан бастап ғаламтордағы барлық ақпарат қалталы телефон жүйесіне көшіріледі. Мұнда 50-ден астам қасиетті орындар мен киелі мекендердің мекенжайы және саяхатқа шығару мерзімі көрсетіледі. Алдағы уақытта электрондық жобалар желісі дами түсетін болады.

Данияр Идиятов, облыстық туризм басқармасының басшысы:

- Біз туристерге қажетті барлық ақпаратты ғаламтор желісіне жүктедік. Ол сайттан қонақүйдің бағалары мен көрсететін қызмет түрлері, Бурабай өңіріне саяхат бағдарламасы және сервистік қызмет көрсететін бүкіл жергілікті ұйымдар жөнінде толық мағлұмат беретін ақпараттарды алуға болады.

Цифрлы жүйелерді қолданысқа енгізуде әлеуметтік желілердің де маңызы зор. Туристік қызметті ұсынушылардың пікірінше, келетін қонақтардың толық мәліметке қол жеткізу үшін ұялы телефоны болса жеткілікті. Бұл жоба ұйымдастырушылар үшін де, келетін меймандар үшін де аса тиімді болмақ.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Мәдина Смағұлова, Евгений Шикаренко

Хабар 24 телеарнасы