386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде менингококк инфекциясынан төнер қауіп азаймай тұр

  • 365
  • UPD: 20:28, 04.10.2018

Көктемде белең алып 15 адамды ажал құштырған менингококк инфекциясы бәсеңдемей тұр.

Апта басында ғана қауіпті вирусты жұқтырған бір азамат Астана ауруханасына түсті. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Қазіргі көрсеткіш былтырғыдан төмен дегенді алға тартады. Жалпы жыл басталғалы елімізде менингитке қатысты 85 жағдай тіркелген екен. 

Астанаға келген Шығыс Қазақстан облысының тұрғынынан менингококк жұқпасы табылды. Науқас Астанаға Қарағанды облысынан келген. 1985 жылы туған азамат қыркүйектің 13-інен 30-ына дейін Жезқазғанда болған. Ол 1 қазан күні Астанаға келе салысымен жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөліміне түскен. Одан алынған зертханалық тексерулер қорытындысы менингококк диагнозын растады. Астанада науқаспен қатынаста болған 6 адам анықталды, оның екеуі бала. Олардың ешқайсысы дертке шалдықпаған болып шықты.

Ақмарал Мейірманова, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы:

- Түскенде жағдайы ауыр халде болды. Қазіргі уақытта науқас есін жиып, емін қабылдап жатыр. Симптоматикалық, патогенетикалық және антибактериалды ем қабылдап жатыр.

Ақтауда да менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен ауруханаға түскен сарбаздың нақты диагнозы анықталды. Ол ауа тамшылары арқылы жұқпайтын іріңді менингитпен ауырып жатыр.  Науқастан менингококктік инфекция табылмаған. 21 жастағы сарбаздың жағдайы әлі күнге ауыр. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Облыстық аурухана дәрігерлері күн сайын телемедицинаның көмегімен кеңес алып, қажетті ем шараларын жүргізуде. Еске салайық, сарбаз 30-ы қыркүйек күні ауруханаға түскен болатын. Ол қызмет ететін Ұлттық ұланға қарасты 66/56 әскери бөлімінің 355 қызметкері тексерістен өткізіліп, 12 сарбаз жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған еді.

Гүлбану Нұржанова, штаттан тыс бас инфекционист-дәрігер:

- 12 әскер жедел респирантуралық вирусты инфекция, назафаренгитпен емделіп жатыр. Олардың жағдайы қазір тұрақты. Жақын арада шығаруға дайындалып жатыр.

Дене температурасының 39-40 градусқа дейін күрт көтерілуі, бөртуі, бастың қатты ауыруы, құсу, бас қозғалған кезде арқа мен мойынның ауырсынуы, сананың шатасуы. Менингит белгілері, міне, осы. Ал бір жасқа дейінгі балалар көп ұйықтап, көп мазасызданады. Еңбегі іседі. «Осындай белгілер бола қалған жағдайда тездетіп дәрігер шақыру қажет», – дейді мамандар.

Хабар 24 телеарнасы