379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында 200-ге жуық үйдің ауласы су астында қалды

  • 169
  • UPD: 23:15, 30.03.2019

Ақмола облысы Целиноград ауданында да еріген қар суы 200-ге жуық үйдің ауласын басып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бір ғана Қоянды ауылында жүздеген тұрғын тасқынның салдарын тартып отыр. Ауданға қарасты елді мекендерде бұл жылда қайталанатын үрдіс. Мәселені түпкілікті шешуге қаражат жағы – қолбайлау. Жергілікті билік ауылдарға арнайы арықтар, яғни нөсер желісі қажет дегенімен, оны салуға қаржы таба алмай отыр. Біздің түсіру тобымыз елді мекендерді аралап, тұрғындардың базынасын тыңдап қайтты.

Қараөткел, Талапкер, Қоянды. Бұлар – Ақмола облысына қарасты ауылдар. Тұрғындарының дені бас қалаға қатынап жұмыс істейді. Олардың елорда іргесінде тұрып жатқаны ғана болмаса, ауылішілік мәселелері жетіп артылады. Бірі мына жол, енді бірі – еріген қар суы.

Қоянды ауылының тұрғындары үшін соңғы бір аптадан бері ұйқы жоқ. Күні-түні үрей құшағында отыр. Себебі, үйлерінің қабырғасы кез келген сәтте сөгіліп кетуі мүмкін.

Құрмет Жанат, Қоянды ауылының тұрғыны:

- Осында тұрғаныма 2 жыл болды. Анадан бері қарай су келеді. Үлкен көл бар. Қаражат жоқтықтан арық қаздырмай отыр. Әкімдіктен адамдар жүр ішінде. Бірақ техникасы жетіспейді.

Бұл тұрғын үйлер ауыл шетінде орналасқан. Сондықтан қауіп ең алдымен соларға төніп тұр. Қыс бойы жауған қармен қоса соңғы уақытта жаңбыр да жиілеп кетті. «Елді мекен ішінде ертеректе қазылған арық болғанымен, оған сайдағы суды бұру қиямет қайым», – дейді әкім.

Айбек Есеев Қоянды, ауылдық округінің әкімі:

- Үйлердің көп бөлігі табиғи су жүретін жолдардың бойында салынып кеткен. Сол себепті үйлер, көшелер судың ағысын бөгеп отыр. Сол себепті су бағытынан ажырап, жан-жақты басып қалып жатыр.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, Қоянды тұрғындары үй саларда белгілі талаптарды ескермейді. Мұндағы кез келген баспананың іргесі кемінде 90 сантиметр болуы тиіс. Олардың мұндай жағдайға душар болуына бастапқыда жер телімдерін заңсыз иемденуі де себеп. Ендігі бар үміт еріген қар суын тазарту жұмыстарында.

Арман Нұркенов, Целиноград аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

- Аудан бойынша төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарына жергілікті атқарушы органмен бірлесіп 120 адам жұмылдырылды. 60 техника қолданылып жатыр. Қояндыдағы жағдай қиын болды. Егістік алқаптарынан көп көлемде су келді. Қазір жағдай оңалып қалды.

Аудан бойынша қауіпті елді мекендер – 9. Алдағы уақытта Қарағанды облысынан Нұра өзені арқылы мол су келуі мүмкін. Төтеншеліктер арна бойын күні-түні кезекшілікпен күзетуде. Ал Қоянды, Талапкер, Қараөткел ауылдарындағы еріген қар суы мәселесін шешуге қаржы жеткіліксіз болып отыр.

Малғажар Тәткеев, Целиноград ауданының әкімі:

- Бір ғана елді мекенде нөсер желісін қалыптастыру үшін 2 миллиард теңгеден астам қаржы қажет. Ақша бөлінсе, бір жылда салуға болады. Бірақ нақтысын айта алмаймыз. Бюджет мүмкіндігіне қарай шешім қабылдаймыз.

Аудан бойынша жалпы мұндай жағдайларға 76 миллион теңге қаралған екен. Бұған жергілікті билік көктемгі тасқынның алдын алып, зардап шеккен тұрғындарға да көмек беруі тиіс. Яғни қысқа жіп күрмеуге келмей тұр.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы